{metadescription}
ЛРТ құрылысына бір миллиард доллар қажет
ЛРТ құрылысына бір миллиард доллар қажет

ЛРТ құрылысына бір миллиард доллар қажет

Жұмысы жарты жолда тоқтап қалған елордадағы ЛРТ құрылысына бір миллиард доллар қажет. Бұл қаржыны екінші деңгейлі банктер беруге дайын сыңайлы.

«Тіл-көз өтіп кетпесін» деді ме екен, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі бүгін жеңіл рельсті көлік құрылысын аяқтауға қатысты жарытып ештеңе айпады. Бірақ ЛРТ игілігін көретін күн алыс емес дегендей болды. Бас шаһардың дамуы, ондағы кем-кетік мәселелер жөнінде Көлгіновтің не деді?

Жылдағы дәстүрден жаңылмай, Алтай Көлгінов қаланың 10 айдағы дамуын айтуға журналистер алдына келді. Ақпарат өкілдеріне әкімнің жарты сағат оқыған баяндамасы қызық болмағандай. Жауыр болған тақырыптар жіпке тізілді. ЛРТ  сұрақтардың алды.

Иә, елорда десе, жұрт көшелерде қоқиған ЛРТ-ның тас мүсіндерін бірінші айтады. Халық емес, жемқорлар қызығын көрген құрылысты сөз қылып жүргенімізге 10 жылдан асыпты. Миллиондар ұшты-күйлі жоқ болғаны былай тұрсын, енді миллиардтарға бас ауыртамыз. «Жемқорлық ескерткішінің» ел игілігін көру үшін оған шамамен бір миллиард доллар тарту қажет.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- 2020 жылы бұл жұмыстар тоқтап қалды, уақытша пандемияға байланысты. Банктер белсенділік танытқан жоқ. Қазір екінші деңгейлі банк консорциумымен жұмыс істеп жатырмыз. Себебі, қаражатты банк арқылы тартқымыз келеді. Конкурс өтті. Банк консорциумы қатысты. Ендігі кезең –  келісімге келу.

Бас шаһардың жылдан-жылға көлемі үлкейіп халқы көбейіп жатыр. Қарбалас сәтте әрі-бері жүруді ЛРТ шешеді деп топшылап едік, оның елесі самсап тұр. Көптің жайын ойлаған Көлгінов ЛРТ ісін бітірмей, көшелерге жаңа электробустар жүргізбекші. Экологиялық қоғамдық көлік электрқуатының жауы. Халық онсыз да инфрақұрылымның зардабын тартып отыр. Жаңа жылумен қамтитын, сондай-ақ электрлік станциялар салынбаса, қала қиындыққа тап болады. Әкім де оны мойындайды.  

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Қала құрылысы қарқынды дамып келеді. Жылу жетпей қалуы мүмкін. Сол үшін ТЭЦ-ті аяқтауымыз керек. Мемлекеттен қаржы бөлінді. Алдағы 10, 20 немесе одан да ұзақ мерзімде жылда тыныс-тіршілігіміз қамтамасыз етілетін болады. Олай істемесек қиындыққа тап боламыз.

«Елордаға газ келді» дегенде жұрт бөркін аспанға атқан. Сарышұнақ аязда миллион теңгеге қондырылған көгілдір отын қатып қалды. Ашуға булыққан жұрт көміріміз жақсы деп, қазір күл шығарып отыр. Мұржалардан будақтаған түтін астананың аспанын торлап, көпқабатты үйде тұратындарға кедергі.

Аян Жұмбасов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Жақсы жаңалық – газға көшіп жатқанымыз. Бәріміз қуаныштымыз. Бірақ оны әрбір адамның қалтасы көтере бермейді. Қазіргі жағдайда, нақты айтқанда. 700 мың мен 1 млн. теңгенің ортасында қосса да, әрі қарай газға ай сайын төлеп отырады ғой. Бәрін жинағанда көмірдің ақшасынан қымбат болып шығады. Сондықтан газ келгенмен де, жұрттың бәрі сол күйі баяғыдай көмірді қолданып жатыр.

Нұрлан Әубәкіров, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Балконның алдында негізі жел болмағанда бағдаршам мүлдем көрінбейді. Иісі келіп тұрады, подъездің іші сасық. Терезелерде резіңке болған соң, түтін үйге кірмейді. Бірақ подъезден иісі сезіледі.

Екі жарым жыл бойы Нұр-Сұлтан әкімдігін басқарған Алтай Көлгінов қыс болса қармен алысады. Табиғаттың тосын мінезінен тұрғындардан жиі сөз естиді. Қараша айында бір айдың мөлшеріндегі қар жауған. Шенеунік 2000 техниканың жұмысқа тартылғанын айтады. «Қардың жауып-жаумауы қолымда тұрған жоқ» - дейді. Алдағы төрт ай мерзімде қар жинауға оның құрал-сайманы дайын. 

Айнала әппақ қарға оранғалы қардың астында қалған кіші Талдыкөлдің тағдыры ұмытылып кеткендей. Бірақ қала басшысы оған қатты алаңдаймын  деп ақталды. Көлді жағалай салынып жатқан нысандардың өрескел бұзған қателерін түзей сала, құрылысын жалғастыра бермек. Ал су құрғап кетпес үшін кіші Талдыкөл тереңдетіліп, абаттандырылады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.