Министр: Азық-түлік арзандамайды, керісінше, қымбаттауы мүмкін
Азық-түлік бағасы арзандамайды. Керісінше, қымбаттауы әбден мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрі осылай деп ағынан жарылды. Артынша шенеунік азық-түлік құнының өсуі «тек бізде ғана емес» деп жаттанды жауаппен ақталуға тырысты.
Автор: Елдос Есенбол
03.12.2021
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Биыл азық-түлік бағасы 30 пайызға қымбаттады. Бірақ бұндай жағдай көрші мемлекеттерде де, тіпті тұтас әлемде болып жатыр. Сондықтан қазір бағаны бірқалыпты ұстап тұру мүмкін емес. Біздің қазіргі жалғыз мақсатымыз – азық-түлік құнынының күрт көтерілуіне жол бермеу. Мысалы, ет бағасы неліктен еселеп өсуі мүмкін? Біріншіден, барлығын шет ел сатып алса, екіншіден – оған деген сұраныс азайса.
Сол себепті шенеуніктер ірі, ұсақ малды және картоп пен сәбізді шекардан шығаруға тыйым салып отыр. Биыл шаруалар былтырмен салыстырғанда 100 мың тонна картопты кем жинапты. Бірақ көкөніс экспортын шектеудің жалғыз себебі бұл емес. Өйткені еккені өнбей, Қазақстан шаруалары ғана шығынға ұшырамаған. Көршілес Ресейде де картоп өткен жылға қарағанда 8 пайызға аз түсіпті.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Былтыр көктемде картоп бағасының 800 теңгеге шейін шарықтап кеткені естеріңізде шығар. Биылға қарағанда 100 мың тоннаны артық жинадық. Бірақ картоп құнының өсуіне екі жағдай әсер етті. Бірі – Өзбекстанда құрғақшылық болып өнім шықпай қалды. Сондықтан олар жаппай бізден сатып ала бастады. Және көктемде сырттан картоп әкелінбеді. Биыл да сондай жағдай қайталанбас үшін экспортқа уақытша шектеу қойып отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!