{metadescription}
Енді зейнетақы қаражатын алу арманға айналатын болды
Енді зейнетақы қаражатын алу арманға айналатын болды

Енді зейнетақы қаражатын алу арманға айналатын болды

Екінің бірі қол жеткізе алмайтын қаражат! Келесі жылдан бастап зейнетақы қорында қалуы тиіс соманың шекті мөлшері шамамен екі есеге бір-ақ көтеріледі. Бұл жаңалықтан кейін жинақталған қаражатының бір бөлігін шешіп үлгермеген жұрт таңнан бері жанталасуда.

Бірақ арнайы сайт халық нөпірінен кейін істен шығып, көпшілікті әбігерге салды. Экономистер жауапты министрліктің бұл қадамы қордағы қаражаттың түгесілуінен туындаған деп топшылайды. Аталған жаңалықты қоғам қалай қабылдады?

Даниярдың зейнетақы қорында жиналған қаражаты 7 миллион теңгеге жеткен. Денсаулық сақтау саласында еңбек ететін азамат ақшаны баспанаға келесі жылы құямын деп осы күнге дейін жайбарақат жүріпті. Бірақ бүгінгі жаңалық оның үмітін үзді.  

Данияр Бекішев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Менің артылған ақшам 3 миллионнан асады. Асықпай аударамын деп жүре бердім. Енді бір ай ғана уақытым қалды. Алда мереке көп. Үлгеру қиын. Ал жаңа шарт бойынша мен зейнетақы жинағымнан бір тиын да ала алмайды екенмін. Жауаптылардың халыққа алдын ала ескертпей шұғыл шешім шығаруы дұрыс емес. Мен секілді қаншама адам бар. 

Расымен де Данияр сынды жинағы жетіп тұрғандар таңнан бері зейнетақы қорының сайтына лап берді. Барлығы артылған ақшаны жыл соңына дейін шешіп үлгеруі үшін жанаталсуда. Алайда арнайы сайт кірушілердің күрт көбеюінен істен шықты. 

Келесі жылдан бастап күшіне енетін жаңа шарт бойынша зейнетақыны мерзімінен бұрын алу үшін:

20 жастағы адамның шотында 3 миллион 140 мың;

30 жастағы 4 миллион 370 мың;

40 жастағыда 5 миллион 790 мың;

50 жастағы адамда 7 млн 430 мың теңге болу қажет.

Осылайша қорда қалуы тиіс міндетті салым шамамен екі есеге көтерілген. Зейнетақы қорындағылар шекті соманың өсуіне бюджет туралы заң түрткі болғанын жеткізді.

Жанат Құрманов, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы:

- ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты біржолғы зейнетақы төлемін алудың шекті мөлшерін есептеу жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі. Үкіметтің қолданыстағы қаулысы бойынша 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап төменгі жеткіліктілік мөлшері қайта есептелді. 

Бұл шешім қордағы жинағына сенім артқан талайдың наразылығын туғызды. Онсыз да бұл бағдарламаның қызығын көретіндер аз еді. Енді зейнетақы қаражатын алу көпшілікке тіптен арманға айналатын болды.

Зейнетақыда ақша жоқ шығар. Ақша жоқ. Адамдар ала алмасын деп көтеріп жатыр.

Туғаннан бастап істесе де, жинау оңай емес қой, қазіргі жалақы деңгейімен. Оны жинау үшін жалақы көп болу керек.

Айлығы шайлығына жетпейтін қарапайым халық әу баста қордағы қаражаттан қағылған еді. Енді жаңа шарт бойынша зейнетақы жинағын білдей ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің өзі пайдалана алмайтынын айтты.

Жұмсаған жоқпын. Баға өсіп кетті ғой. Ақшам жетпейді оған.

Ал сарапшылар зейнетақы қорынан алуға болатын шекті мөлшерді ұлғайту ақшаны халыққа бермеудің амалы дейді. Экономистер мұндай шешімнің қабылдануы қазіргі жинақтаушы зейнетқы қорындағы күрделі ахуалды айқындап тұр деп топшылайды. 

Айдар Әліпбаев, экономист: 

Егер олардың ақшасы таусылып жатса, халыққа ашық айтсын. Зейнетақы қорында қанша қаражат бар екенін көрсетсін. Қордың айтқан жауабы логикаға келмейді. Жай ғана мәселеден сытылып шығу. Себебі, жұрттың жалақысы онсыз да аз. 100 мың айлық алатындар бар. Менің ойымша, шартты бұлай күрделендіру азаматтар өз зейнетақы жинағын шеше алмасын дегенге саяды. 

Зейнетақы қорының мәліметінше, келесі жылы 582 мың отандасымыз бейнеттің зейнетін көру мүмкіндігіне ие. Бұл сан Қазақстан халқының шамамен үш пайызы ғана. Осы салымшылар қордағы қаржыны баспана  мен ем-домға жұмсай алады. Жыл басында қордағы ақшаға таласы бар адамдар едәуір көп болатын. Олардың барлығы бір ай ішінде қаражатын шешіп үлгере ме, ол жағы әзірге белгісіз. Ал халықтың әлеуетін ескермеген жауапты министрлік зейнетақыдағы ақшаны алу шартының не үшін қиындағанын түсіндіруге де тырыспады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде