«Яндекс. Такси» жүргізушілері жұмысқа шығудан жаппай бас тартты – Шымкент
Шымкентте такси жүргізушілері жаппай жұмысқа шығудан бас тартты. «Яндекс. Такси» қызметінде істейтін 12 мыңға жуық жүргізуші Шымкентте жолаушыларды отырғызу құны төмен деп отыр.
Автор: Бек Әбиев
06.12.2021
Мәселен, клиентті отырғызу құны Алматы мен Нұр-Сұлтанда 500 бен мың теңге болса, Шымкентте бар болғаны 250 теңге. Одан қалса жұмыс беруші таксопарктер әр клиенттен түскен ақшадан 17- 20 пайызды ұстайды екен. «Күндіз-түні жүріп қымбатшылық қысқан заманда пайдасыз қалдық» деген жүздеген таксист отырғызу құны өсіп, пайыз төмендемесе, жұмысқа шықпаймыз деген талап қойды.
Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық садионынының алдына жиналған таксистердің қарасы қалың. «Яндекс.Такси» қызметін атқаратын жүргізушілер бүгіннен бастап жолаушы тасымалдауды доғарамыз дейді. Себебі: жолақыдан ұсталынатын пайызды жұмыс беруші күрт көтеріп жіберген. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтанда клиентті отырғызу 500 бен мың теңге аралығында болса, Шымкентте бар болғаны 250 теңге екен.
Әмірхан Борбасов, такси жүргізушісі:
- 250 теңге – аз. Өйткені амортизация бар, төлейтін пайызымыз бар. Аялдамада тұратын клиенттер бар, оларға барып тоқтайтын болсаң, айыппұл салады. Көшеде кез келген клиент жолдың бойында тұрады. Оған тоқтасаң, тағы айыппұл. Тіпті бала-шағамызға табыс табудың, апарудың өзі қиын боп қалды мына заманда. Кемінде 400 теңге болуы керек. Өйткені, біз 6-7 км жүреміз, 490-450 теңге аламыз. Өйткені 4-5 адам мініп алады. Тіпті 100 теңгеден түспейді әр адамға. Тіпті автобустан жаман болып кеттік.
Жанармай бағасының күрт өсуі, құрал-сайманның қымбаттауы да есепке алынбайды деген жүргізушілер күндіз-түні жүргенде пайда таппақ түгілі, ішіп-жем мен жол шығынын әзер ақтап отырмыз дейді. Жүздеген жүргізуші «Яндекс.Такси» қызметінің өзіне жазғанымен, мардымсыз жауап келеді дейді. Таксишілер «Яндекс.Такси» сервисі Ресейдікі болған соң, білгенін істеп отыр деп қынжылады.
Ыбырай Темірханов, такси жүргізушісі:
- Мысалы, біз шығып жатырмыз, ешкім реттей алмайды бұл нәрсені. Қазақстанда кім реттейді бұны? Қазір бәріміз бала-шаға, нан табамыз деп жүрміз. Не істегенде де бас тартамыз, «Яндекс таксиді» тоқтатамыз.Түгелімен. Бүкіл Шымкентте. Мұнда еріккеннен жиналып жатқан жоқ. Бәрі бала-шаға асыраудың қамымен жүр.
Ал жүргізушілерді тіркеп, клиент тауып беретін «Яндекс.Такси» сервиісінің серіктес-таксопарктердің өзі Шымкентте 10 шақты екен. Бірақ ешқайсысы жолақыдан түскен пайыз бен жолаушыларды отырғызу ақысын реттемейміз дейді. Камераға ашық айтуды қаламайтын таксопарк басшылары баға қоятындар Алматы мен шетелде отыратынын айтты.
Бірақ әйгілі такси қосымшасының Мәскеу түгілі, Алматыдағы өкілдігінің мекенжайы ғаламторда жоқ. Ал жолаушыны отырғызу құны мен тасымал пайдасынан түскен пайыз көлемін қайта қарастыруды талап еткен такси жүргізушілері жаппай жұмысқа шықпайтынын мәлімдеді. Бүгіннен бастап Шымкенттің өзінде 12 мың жолаушы тасымалдаушы көлігін тоқтатпақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!