«Омикрон» тіркелсе, қосымша шектеулер енгізіледі
Қазақстанда коронавирустың жаңа штамы «омикрон» тіркелген жағдайда билік қосымша шектеулер енгізуге дайын. Әзірге Covid-19-дың бұл түрін әлем елдерімен қатар отандық медицина да зерттеп жатыр. Вирусты ПТР-тестілеу арқылы анықтауға болады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
07.12.2021
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Егер бұл штамм агрессивті болса, егер ол белсенді түрде таралса, онда тиісті шаралар қабылданады. Негізі коронавирус штамының қай түрі болса да емдеу негізі бірдей. «Омикрон» анықталған елдерде аурудан басқа штамдардағыдай емдеу тәсілі қолданылып жатыр. Сондықтан Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі оған дайын. Қазір бұл штамм ПТР тестімен анықталады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа штамм қалған вирус түрлерін ығыстыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. «Омикроннан» көз жұмғандар әлі тіркелген жоқ.
Ал қолда бар вакциналардың штамға қарсы қаншалықты тиімді екені белгісіз. Оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындамай отырған отандық QazVac та бар. Ұйымының бас директорымен құда болсақ та, біздің вакцинаның осы уақытқа дейін тіркелмеуінің себебі: елімізде мұндай препараттарды аккредитациялау тәжірибесі жоқ екен. Алексей Цойдың айтуынша, QazVac-ты тіркеу ұзақ уақытты қажет етеді. Ал Қазақстанның вакциналау құжатын әзірге әлемнің 20 елі ғана мойындаған.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазақстанда коронавирусқа қарсы 5 вакцина бар. QazVac, Vero Cell сияқты препараттардың өндіру әдісі бірдей. Сондықтан басқа брендтерді күтпей салдыра беруге болады. Басты мақсат – вакцинаның тиімділігінде. Ал нарыққа жіберілген кез келген вакцина қорғайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!