Вакцина қарқыны. Елдегі эпидахуал
Қазақстанда тұратын немесе оқуға келген шетелдік жасөспірімдер мен студенттер де Pfizer екпесін ала алады. Еліміздің бас санитар дәрігері бұл үшін қаулыға өзгеріс те енгізген. Оған сәйкес, 12 мен 18 жас аралығындағы және Қазақстанда үш айдан аса тұрып жатқан өзге мемлекеттің азаматтары коронавирусқа қарсы екпені салдыруға мүмкіндігі бар.
Автор: Салтанат Шырынхан, Елдос Есенбол, Айзат Тұрғынбекқызы, Саят Дәулетжанұлы
08.12.2021
Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer-дің 4 миллион 230 мың данасын сатып алған болатын. Дегенмен мақтаулы америкалық вакцинаға сұраныс ел арасында әлі де төмен. Әсіресе жүкті әйелдер жүрексініп жүр.
Ауру жұқтырғандардың саны азайса да, елорда әлі де «сары» аймақта. Мұнда тәулігіне 120 тұрғыннан індет анықталуда. «Омикрон» штамы анықталған елден ұшып келгендер міндетті ПТР-тестілеуден өтіп, бір апталық үй карантиніне жіберіліп жатыр. Олардың арасында шетел азаматтары да бар. Ал америкалық Pfizer препаратын үш апта ішінде 9 мыңнан астам адам алыпты. Оның басым көпшілігі балалар болса, жүкті келіншектер дертке қарсы дәріні қабылдауға асықпай отыр.
Гүлнәз Досмырзаева, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Pfizer егуде көш басында – жасөспірімдер. 6200-ден астам бала. Одан кейін бала күтуші әйелдер 2800-ден астам. 206 жүкті әйел вакцина қабылдады.
Ақмола облысында қазір ревакциналау қарқын алған. Облыс тұрғындарының 65 пайызы араға алты ай салып, екпеге келіп үлгеріпті. Ал 12 жастан асқан балалардың вакцина салдыруына ата-анасы құлық танытып отырған жоқ. Мұнда небәрі екпені мың жарымға жуық жасөспірім алған. Өңірдегі барлық мектепте процедура кабинеттері мен мамандар дайын. Дегенмен өтініш білдіргендер саны аз болғандықтан, емханаларда ғана арнайы кабинеттер жұмыс істеп жатыр.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
- Егу басталған алғашқы күні 12 бала ғана вакцина алған. Қазір күніне 100-ден асады. Pfizer вакцинасы 6 дозадан тұратындықтан, бірден 6 жасөспірімге қойылғаны дұрыс. Әрине, қорқып отырған ата-аналар да бар. Біз олармен де, мұғалімдерімен де кездесіп жұмыс істеп жатырмыз.
Қарағанды облысында өткен тәулікте 129 адамнан қауіпті кесел анықталған. Жалпы өңірде осы санның төңірегіндегі көрсеткіш соңғы екі аптада өзгерген жоқ. Кесел жұқтырғандардың көбі Қарағанды мен Теміртау қалаларының тұрғындары. Мамандар жасы 50-ден асқан адамдардың ауыру көрсеткіші өсіп жатқанын айтуда. Ал осыдан бір ай бұрын күрт өскен балалар арасындағы кесел жұқтыру жағдайы сиреген.
Айгүл Шәтекова, Қарағанды облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Сырқаттану, жұқтыруға неғұрлым бейім адамдар 50 жастан асқандар. Олардың үлесі бар жағдайдың 63 пайызын құрап отыр. 30-39 жастағылар 13 пайыз болса, олардан кішкене көрсеткіш 14 жасқа дейінгі балалар арасында 12,5 пайыз.
Жалпы КВИ соңғы тәулікте 704 адамнан анықталып, 11 адам көз жұмған. Осылайша күн сайынғы көрсеткіштің көш басында «сары» деңгейдегі Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы тұр. Мұнда тәулік сайын 120-дан аса тұрғын індет жұқтыруда.
Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары да қазір қауіптің орта деңгейінде. Ал екі қала мен тоғыз өңір эпидкартада «жасыл» түске боялып, ахуал тұрақталған. «Қызыл» аймақта бірде-бір өңір қалмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!