Ауыр атлетика: Бас бапкер қызметіне кірісе алмай жүр
Сайланған бапкерді сандалтып қойған кім? Бір ай бұрын ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері болып сайланған Дәурен Бекмұханбетов қызметіне кірісе алмай жүр.
Автор: Мақсат Мәлік
08.12.2021
Жас маманның сөзінше, Талдықорған қаласында өткен жиында 17 өңірден келген аға жаттықтырушының 14-і оны жақтап дауыс берген. Сол кезде отырысқа қатысқан министр Ақтоты Райымқұлованың өзі батасын беріп кетіпті.
Алайда түлкібұлаңға салған федерация басшылығы ақыр соңында министр мақұлдаған істі жоққа шығарып тастапты. Таңдауын жасаған жаттықтырушылар да федерация шешімімен келіспейді. Басынан дау арылмаған ауыр атлетикададағы кезекті жанжал.
Бір ай бұрын ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкерлігіне сайланған Дәурен Бекмұханбетов әлі күнге қызметіне кіріспеген. Жігерлі жас маман қарашаның басында Талдықорған қаласында деңгейі жоғары жиын өткенін айтады. Оған сала министрі Ақтоты Райымқұлова, Ұлттық Олимпиада комитеті мен федерация өкілдері қатысқан. Сол кезде құрама жетекшісінің орны дауысқа салынады. Ал 17 өңірден келген аға жаттықтырушының дені Бекмұханбетовке дауыс беріпті.
Дәурен Бекмұханбетов, жаттықтырушы:
- Үш үміткер қатыстық. 17 аймақтан 14 дауыс жинадым. Сол жерде бәрі мақұлданды. Ұлттық олимпиада комитеті мен федерация өкілдері қарсылық білдірген жоқ. Әрі қарай федерация тарапынан қандай да бір әрекет күткенмін. Бірақ, уақытты сағызша соза берді. Маған «күтіңіз, әзір емес» деп жауап қатты.
Жаңа бапкер құжатын түгендеп спорт және денешынықтыру комитетіне жолдапты. Алайда бірнеше күннен соң министрлік өкілдері «не үшін бапкерліктен бас тарттың?» деп қоңырау шалған. Сөйтсе әлдекімдер «жаңа бапкер қызметінен бас тартып жатыр» деген жалған ақпарат таратқан.
Дәурен Бекмұханбетов, жаттықтырушы:
- Соңында ауыр атлетика федерациясының басшылығымен сөйлестім. Олар министр Ақтоты Райымқұлованың шешімі жарамайды, барлығы Үкіметтік деңгейде желтоқсанның 24-де шешіледі деп жауап берді. Бірақ ол кезде дауысқа салмаймыз, тағайындаймыз деді. Сонда білдей министр Үкіметтің өкілі емес пе деп таңқалдым.
Зілтемірші Альберт Линдердің өлімінен соң спортшылар тарапынан бапкерлік құрамаға қатысты сын қарша бораған болатын. Артынан түрлі заң бұзушылық анықталып ұлттық құрама бапкері Бақыт Ахметов пен аға жаттықтырушы Сергей Седов қызметінен кетті.
Талдықорғандағы жиында таңдауын жасаған аға жаттықтырушылар федерацияның түлкібұлаңға салған әрекетін түсінбей әлек. Бәрі бірауыздан сайлаған үміткерге араша түскендер мұндай байламмен келіскісі жоқ.
Дәурен Байтөриев, Ауыр атлетикадан БҚО аға жаттықтырушысы:
- Алдағы уақытта біз осы кісімен жұмыс жасағымыз келеді өз дауысымызды бердік. Неге сол шешім қазір шықпады? Неге сол министрдің шешімін қайтадан жоққа шығарып отыр? Біз алдағы уақытта Бекмұханбетов Дәуренді бас бапкер қызметінен көргіміз келеді. Біздің сеніміміз осы кісіге артылып отыр.
Даниел Есмағамбетов, Республикалық спорт колледжінің аға жаттықтырушысы:
- Өзі ісін білетін кісілер. Солардың шешімін жоққа шығарып тұр. Сонда аға жаттықтырушылардың ойы ешкімге керек емес пе? Балалармен жұмысты федерация істемейді, ҰОК істемейді. Ол жерде аға жаттықтырушылар істейді.
Бір қызығы, министрлік сайтында жиынның өткені, онда Дәурен Бекмұханбетовтың бас бапкерлікке сайланғаны тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ сол отырыс жөнінде Ауыр атлетика федерациясының арнайы сайтында бірде-бір ақпарат жоқ. Ал комитет өкілдері келеңсіздіктің барын мойындайды. Бірақ олар бас бапкер мәселесін Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатымен байланыстырудан әріге аспады.
Айгүл Бектенова, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Федерация ұсынысы бойынша спорт комитетіне ерлер мен әйелдер құрамасын бөлу туралы және ұлттық құрама команданың бас бапкерін осы әлем чемпионатынан кейін тағайындау бойынша ұсыныс келіп түсті. Спорт комитеті ол ұсынысты мақұлдады. Соған байланысты бас бапкердің тағайындалуы кейінге шегерілді.
Алайда ұсынысты бастаған федерация тарапы жауап беруге уәде еткенімен, сол күйі хабар-ошарсыз кетті. Ал таңдауы аяқ асты болған бапкерлер мұндай бассыздық онсыз да басы даудан арылмаған ауыр атлетика саласына үлкен сын деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!