{metadescription}
Әкім есебі: Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жалғасады
Әкім есебі: Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жалғасады

Әкім есебі: Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жалғасады

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жалғасады. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жас мамандардың баспана алуына мүмкіндік беретін бағдарламаға келесі жылы да қазынадан қаражат бөлінетінін мәлімдеді.

Осы жылға есеп берген шаһар басшысы ЛРТ мен электр пойызын салуға инвестор табылғанын да қуана жеткізді. Сағынтаевтың қаланың дамуына қатысты тағы қандай жоспары бар? Әкімнің оптимизмге толы есебін КТК тілшісі де тыңдады.

Арқа төсіне келген Бақытжан Сағынтаев баяндамасын соңғы он бір айда Алматы қаласында жасалған ауқымды жұмыстарынан бастады. Шаһар басшысы қаланың даму жоспарын бар-жоғы 17 минутқа сыйғызған екен. Көрінгеннің босағасын жағалап жүрген жастарды баспанамен қамтамыз ету басты назарда деп ағынан жарылды Сағынтаев. Осы мақсатта қала қазынасынан тағы қаржы бөлініп, «Алматы жастары» бағдарламасы келесі жылы да жалғасын таппақ.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

Келесі жылы да бұл бағдарлама жалғасады. Өте үлкен сұранысқа ие. «Екінші бағдарлама жасы 29-дан аспаған жұмысшы жастарды жалдамалы баспанамен қамту. Ал «Алматы жастары» бағдарламасының жас шектеуі  35 жасқа дейін. Мына айтып отырған бағдарлама бойынша пәтер 5 жылға дейін беріледі. Айына 10 мың теңге төлейді. Ол үйлердің бәрі қаланың төменгі бөлігінде салынған. Биыл «Рахат», «Мәдениет», «Саялы» жақта салынды.

Қала сыртынан күніне 250 мыңнан астам көлік кіреді. Соның салдарынан шаһар ішінде қозғалыс қиын. Кептелістен құтылу үшін метроны Алтын Орда базарына дейін апару жоспарланған. Құрылысы ұзаққа созылған Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрық пен Абай даңғылының созылған бөлігі жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ әкім ЛРТ мен электр пойызын салуға инвестор табылғанын мақтанышпен жеткізді.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

Электр пойызын Талғардан "Алматы - 2" вокзалына дейін созу туралы ұсыныс айттық. Егер олар тар табанды теміржол жасаса, ҚТЖ жолына түсіп, "Алматы - 1" вокзалына дейін жетуге болады. Олар келісті. Содан Төле би көшесі бойынан жылу электр орталығына дейінгі LRT жолымен бұл жобаны байланыстыру идеясын ұсындық. Олардың сарапшылары ұзақ ақылдасып, бұл бастамаға қызығатынын жеткізді.

Ал жарығы жиі өшетін аудан тұрғындарына әзірге шыдай тұрудан басқа амал жоқ. Өйткені жекеге өтіп кеткен жарық бағаналарын мемлекет меншігіне қайтару жұмысы әлі жүргізіліп жатыр. Судан тарыққан Наурызбай ауданының жұртына да кемі тағы екі жыл тау суын тұтынуына тура келетін сыңайлы.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:  

- Наурызбай ауданында су жетпейді. Жаздың кейбір күндері көлікпен су әкеледі. Екіншіден, жаңбыр жауса, Қарғалы өзенінің суы лайланады. Яғни сүзгі жоқ. Келесі жылы Ақжардағы проблеманы шешеміз. Қазіргі сүзгінің күші жетпегендіктен Ақсай шатқалында салынып жатқан плотинадан, 3,5 шақырым жерден үлкен диаметрлі құбырмен су тартып жатырмыз. Келешекте ол маңда үлкен сүзгі мен су жинайтын кешен салуымыз керек. Келесі жылы үлкен құрылыс басталады.

Алматының тізгінін ұстағанына екі жылдан енді асқан әкім екі сағаттың ішінде денсаулық сақтау, білім, тұрғындарды әлеуметтік қорғау және тағы басқа салаларға да жеке-жеке тоқталды. Бақытжан Сағынтаев құрылысы келесі жылдың көктемінде басталатын жылу электр орталығын көмірден газға ауыстыру қала экологиясын едәуір жақсартатынына сенімді.

Шаһар орталығында бір-біріне жақын биік үйлерді құмырсқаның илеуіндей салуға жол бермеу үшін әкімдік ереже де енгізіпті. Енді құрылыс компаниялары жаңа талапқа сәйкес, халықтың тығыздығын 20 пайыздан асырмау қажет.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде