«Несие рақымшылығы жарияланды» – жалған ақпарат
Жалған ақпарат жарға жығады! Алматыда бір топ адам «несиелік амнистия жарияланды» деп апта басынан бері Қаржы нарығын реттеу агенттігінің алдында сабылып жүр. Мемлекет қазақстандықтардың қаржылай несиесін кешіреді деген хабарламаны әлеуметтік желіден естігендер өтініш жазып жанталасуда.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
09.12.2021
Ұлттық банк өкілдері құжынаған адамға ақпараттың жалған екенін түсіндіре алмай әлек. Қарызын қайтара алмай қиналған жұрт хабарламаның рас-өтірігіне қарап жатқан жоқ. «Шуласақ, кешірілер» деген үмітпен агенттік кеңсесінің алдынан кетпей тұр.
Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу агенттігі ғимаратының алдында төрт күннен бері осындай қарбалас. Мұнда ағылған халық әлеуметтік желіге таралған «несиелік амнистия жарияланды» деген ақпаратқа сеніп келген. Барлығы қарызымыз кешіріледі деген үмітпен жаппай өтініш жазып жанталасуда.
Жүзден аса адам бірдеңеден құр қалатындай қапылып жүр. Мемлекет қазақстандықтардың несие берешегін өтеп береді деген ақпаратты көбі әлеуметтік желіден оқып, бір-бірімен қуана бөліскен.
Жұпаргүл Әбдуалиева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ақпаратты инстаграмнан естідік. Тағы біраз таныстарымыз бар, солардан естідік. Төлеп жатырмыз. Жеңілдік жасайтын шығар.Дағдарыс болып жатыр. Азық-түлік қымбат. Коммуналдық қызметті төлей алмай жатырмыз. Бюджеттен миллиондаған ақша бөлінеді. Соның бір бөлігін халыққа берсін.
Иін тірескен кезекте карантин талаптары туралы сөз қозғаудың өзі артық. Бұл жерде тәртіп сақшыларының да қарасы қалың. Жан-жақтан жиналған жұрт өтініш толтыратын қағаз бен қалам сұрап әлек. Рақымшылыққа ілігуден дәмелі борышкерлердің дені несиесін уақтылы төлей алмай тығырыққа тірелгенін айтады.
Бейсен Ербосынов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Уақытында төлей алмадық, карантинде. «Тенгри банк» жабылып, оның кассасын таба алмай екі-үш ай жіберіп қойдық. Жұмысымыз жоқ. Кеше ғана жұмысқа кірдік. Біресе төлейді, біресе төлемейді.
Күні кеше мәжілісмен Азамат Әбілдаев қаржыдан қиындығы бар отандастарымызға Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай несие рақымшылығын жасау туралы депутат сауалын жолдаған. Бұл ұсыныс отқа май құйғандай болған. Ұлттық банк өкілдері халық жан-жаққа таратып жүрген ақпарат жалған екенін жеткізді.
Ернар Оразбаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департамент директорының орынбасары:
- Несие рақымшылығын жариялау туралы бізде ешқандай талап жоқ. Бізде борышкерлердің борышын азайту бойынша 2021 жылдың 1 қазанынан бастап олардың сотқа дейінгі мерзімі өткен берешекті реттеу тәртібі енгізілген. Оның несие туралы проблемалы сұрақтары болса, олар кредиторларға хабарласу керек. Кредиторлар олардың барлық жағдайын талдай келе, қайта құрылымдау сұрағын қарастыра алады.
Бас банктегілер халық амнистияны ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасымен шатастырып алған деп отыр. Агенттікте аталмыш жеңілдік бойынша әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың өтініші қабылданып жатыр. Бірақ шулап жүргендер бас банктегілерге сенбей, ғимарат алдында жиналғандар сағат санап еселенуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!