Алматыда ревакцина салдыратындар саны артып келеді
Алматыдағы екпе егу пунктерінде ревакцина ектіруге келгендердің қатары артып келеді. Әсіресе медицина саласы мен мемлекеттік қызметкерлерден бөлек, зейнеткерлер де келген.
Автор: Салтанат Шырынхан
09.12.2021
«Қайта иммунизациялаудың қарқын алуына вирустың «омикрон» штамының белең алуы түрткі болды», - дейді мамандар.
Алматыдағы вакциналау пункттеріне бір күннің өзінде орта есеппен 50-ден аса тұрғын келіп, екпенің үшінші компонентін салдырады. Басым бөлігі денсаулығына жауапкершілікпен қараған зейнеткерлер екен.
Рауан Нұркенов, №36 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері:
- Қазір ревакциналау 3-ші компонентпен бізде жүргізіледі, тек қана «КазВак» және «Веросел» вакциналарымен. Себебі, «СпутникV» вакцинасының біріншісінен екіншісінің айырмашылығы бар. Яғни ол жерде сандық көрсеткіштері бойынша өзгеріс бар. Сол себепті ол ревакциналауға жатпайды. «Вероселдің» 1 флаконы екі адамға, «Казвактың» 1 флаконы үш адамға арналған.
Ревакциналауға екпенің екі компонентін алғандар мен қатар короновируспен 6 айдан астам уақыт бұрын ауырып шыққандар ғана келе алады. Сондай-ақ үшінші дозаны бастапқы салдырған екі препараттан өзгесін таңдауыңыз шарт.
Алматылық студент Ерхат Оралбеков қайта иммунизациялаудан өтуге алғашқы болып келгендердің бірі. Ол өзімнен бұрын жақындарымды қауіпті індеттен қорғағым келеді дейді.
Ерхат Оралбеков, студент:
- Осыған дейін соңғы екіншісін маусым айында салдырғам, «СпутникV». Содан кейін ақпан айында ревакцина алуым керек болатын. Жаңалықтардан ревакциналау алты айдан кейін алуға рұқсат берді дегеннен кейін осы жерге келіп, «Казвакты» салдырдым.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңадан пайдан болған штамнан кейін ревакциналау мәселесін қайта қарады. Өйткені еуропалық әріптестері әлі толық зерттеліп болмаған «омикроннан» қорғанудың қолда бар жолы – қайта иммунизациялау деп отыр.
Тимур Салиев, Б. Атшабаров атындағы ғылыми зерттеу институтының директоры:
- Вакцина әр адамның иммунитетіне байланысты әсер етеді. Антидене кейбірінде 3 ай немесе 6 ай ғана сақталуы мүмкін. Сол үшін де уақытын 9 айдан 6 айға қысқартты деп ойлаймын. Екінші жағынан жаңа «омикрон» штамы пайда болғаннан соң жеделдетіп отыр. Өйткені қазіргі қауіпті індеттен қорғайтын бірден бір жол – жаппай вакциналау.
Жалпы ревакциналау 22-қарашада басталған. Оны әдеттегідей алғашқы болып медицина қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер қабылдады. Ал америкалық «Пфайзер» вакцинасы 12 жастан асқан жеткіншектер, жүкті және бала емізетін әйелдерге ғана салынып жатыр. Оны ақылы түрде салудың құны әлі белгіленбеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!