Ақмола облысында КВИ жұқтырғандар күрт көбейді
Қазақстанда «қызыл» аймақ қалмады деген қуанышты хабар көпке созылмады. Тура бір ай бойы «сары» деңгейде болған Ақмола облысы бүгін қайта «қызылға» ауысты. Себебі: өңірде бір күнде коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейген.
Автор: Айзат Тұрғымбекқызы, Тәуірбек Бозекенов
09.12.2021
Атырауда эпидемиологиялық ахуал тұрақталса да, облыстың бас санитары карантин талаптарын күшейтіп, қатаң шектеулер енгізді.
Ақмола облысында ақ халаттылар карантин талабын сақтауды талап етуден еш тынған емес. Соның өзінде небәрі төрт апта «сары» деңгейде болған облыс бүгін қайта «қызылға» ойысты. Соңғы тәулікте пневмонияға шалдыққандардың саны күрт өскен. Өкпесі қабынған 26 адам ауруханаға түскен. Кейбір науқас сырқатын тұмаумен шатастырып ауруын асқындырып алыпты.
Серік Омарханов, Ақмола облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Алдағы 7 күнде санитар мамандар мониторинг жүргізіп ахуалды қадағалайды. Осы уақытта «сары» деңгейдегі карантин шектеулері сақталады. Егер жағдай ушықса, шектеу күшейтіледі.
Атырау облысы «жысыл» белдеуде болса да, карантин шаралары күрт күшейтілді. Ертеңнен бастап мұнайлы өлкедегі сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарына тек «жасыл» мәртебесі бар адамдар ғана кіре алады. Мейрамханада өтетін жаңажылдық кешке бару үшін де 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР-тест қажет. Немесе соңғы үш ай ішінде ауырып жазылған мейман ғана мерекелік дастарханның қадірлі қонағы бола алады. Тойлатқысы келетіндер саны 100-ден аспауы тиіс. Ал мемлекеттік мекемелер мен білім ошақтарында мерекелік іс-шара өткізуге қатаң тыйым салынды.
Әлия Бекешова, Атырау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Меншік түріне қарамастан ұйымдарда, кәсіпорындарда, мектеп және мектепке дейінгі мекемелерде, орта және жоғары білім мекемелерінде көпшілік іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Ол, өздеріңіз білетін шыршаның айналасындағы балаларды «утренниктері» және де мереке болғасын, көпшілік іс-шара ұйымдастырылып отыр ғой. Соның бәріне тыйым салынады.
Қазір эпидемиологиялық картада Ақмола облысы ғана «қызылмен» көмкеріліп тұр. Ал Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары «сары» түске боялған. Қалған өңірлер «жасыл» белдеуде.
Елде соңғы тәулікте 683адамнан коронавирус анықталды. Дәрігерлер індетті өршітіп алмас үшін мереке күндері қоғамдық орындарға бармауды қайта-қайта айтуда. Тіпті жаңа жылды отбасымен қарсы алуға кеңес беруде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!