Коронавирус жұқтырудан Қарағанды облысы көш бастап тұр
Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал күн сайын құбылып тұр. Кеше ғана эпидкартада «қызыл» аймаққа ауысқан Ақмола облысы бүгін қайта «сары» деңгейге ойысты. Мұны мамандар корноавирус жұқтырғандар санының біршама азайғанымен түсіндірді.
Автор: Жаңалық Ахаш
10.12.2021
Өткен тәулікте 648 адамнан КВИ табылған. Дегенмен індеттің тарауы тоқтады деп айтуға әлі ерте дейді дәрігерлер. Өйткені дертін асқындырып ауруханаға түсетіндер бар. Бір күн ішінде қауіпті індеттен ел бойынша 20 адам қайтыс болды.
Күні кеше «қызыл»деңгейге өткен Ақмола облысы тәулік өтпей «сарыға» ауысып шыға келді.Санитар мамандар мұны соңғы тәулікте қауіпті індетті іліктіргендер көрсеткіші азайғанымен түсіндіреді. Есесіне өңірде тұмау өршіп тұр. Жедел респираторлық инфекция жұқтырғандар саны 21 мыңнан асқан. Кейбір тұрғындар КВИ-сын тұмау деп санып, өз бетінше емделетін көрінеді.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
- Иә, «қызыл» аймақта болдық. Қазір өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Құбылып тұру індеттің анықталу санына да байланысты. Дегенмен кез келген уақытта жағдай өзгеруі мүмкін.Өйткені біз «сары»деңгейдің соңғы шегінде тұрмыз. Тұрғындар карантин шараларын сақтап, шектеулерді бұзбауға тиіс.
Бір тәулік ішінде Павлодар облысында 76 адамнан коронавирус анықталды. Бірақ керекулік мамандар шектеу шараларын күшейтуге негіз жоқ дейді. Керсінше, жаңажылдық кеш өткізуге рұқсат беріп отыр. Оқушылар өз сыныбынан шықпай, шыршаны айналып, мектепте шағын мейрам ұйымдастыр алады. Ал «жасыл» мәртебесі бар тұрғындар мейрамханаларда жаңа жыл алдындағы сауықтарға қатысуына болады.
Ольга Жүнісова, Павлодар облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бас маманы:
- Ashyq жобасына қатысатын нысандар ғана жаңажылдық сауық кешін, салтанатты шара өткізе алады. Бірақ келушілердің барлығында «жасыл» мәртебесі болу керек. Сосын 70 адамнан асырмай, елу пайыз сыйымдылықты сақтау тиіс.
Ел бойынша эпидахуал Шымкент пен Ақтөбе облысында едәуір жақсарған. Осы аймақтарда ғана соңғы тәулікте бір-бірден вирус жұқтырғандар анықталды. Ақтөбелік дәрігерлер ауруханаларда коивдпен түскен науқастар азайды деп отыр. Қазір облыс орталығында бұған дейін індет жұқтырған қырық шақты адам жатыр екен. Арасында бала жоқ.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Өкпенің жасанды желдету аппаратында науқастар жоқ. Өкпенің инвезивті емес желдету аппаратында 5 науқас жатыр. Қазір барлығы 9 бала бақылауда. Коронавирус инфекциясы бойынша стационарлық ем алып жатқан бала жоқ.
Вирус жұқтырғандар саны жағынан Қарағанды облысы көш бастап тұр. Бұл аймақта КВИ анықталғандар тәулігіне жүзден төмендеген емес. Нұр-сұлтан қаласында да осы жағдай. Ал «сары» аймақтағы Қостанай, Петропавл мен Павлодарда соңғы тәулікте індет жұқтырғандар 70-ке жетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!