Үш пәтер өртеніп, тұрғындар далада қалды – Нұр-Сұлтан
Тағы да газ баллоны атылып, үй өртенді. Нұр-Сұлтан қаласында үш бір бірдей пәтер өртке оранып, қыс ортасында тұрғындар далада қалды. Бұл жолы адам шығыны жоқ. Десе де арқаның аязында баспанасыз қалған азаматтар алаңдаулы.
Автор: Елдос Есенбол
10.12.2021
«Шыбын жаным олжа» деп шүкір еткенмен, қайда барып паналаймын деген сауал мазалайды. Айтуларынша, қабырғасы қаланғанына жарты ғасыр болған үйлері бар шағын ауданда соңғы жылдары оқыс оқиға жиілеп кеткен. Әкімдіктің жапа шеккендерге берер жәрдемі қандай?
Кеше ғана бұл жерде ас бөлмесі болған. Ал басқа бөлмелерде балалар ойнап, отбасы қоңырқай тіршілік кешіп жатқан. Қазір үйді тұтас күл басып жатыр. Ненің қайда екенін ажырату қиын. Қаннен-қаперсіз отырған тұрғын кешкі ас дайындамақ болып баллонды қосып, газ жаққаны сол екен...
Құралай Жақыпова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Баллон жаққан сәтте ол тұтанып сала берді. Отын өзім сөндірмек болып едім, қолымды күйдіріп алдым. Бес-он минутта бәрі жанып кетті. Өрт сөндіру машинасы 40 минуттан кейін бір-ақ келді. Теміржолдан өте алмай тұрып қалыпты. Аяқасты дүрбелеңнен шошып, үйден көйлекшең шығып кетіппін. Әлі сол киіммен жүрмін.
Құтқарушылар жеткенше, қатар орналасқан төрт үйдің біреуі түгел жанып кетті. Қызыл жалын қалған үшеуін де шарпып үлгерген. Олардың да шатыры түгел жанып, қабырғасын жалын шарпыған. Айтпай келген апаттан шошынған адамдар бас сауғалап баспанасын тастай қашқан. Кешкі сағат алтыларда басталған өртті түнгі он шамасында әзер өшірді. Қазір тұрғындар ағайын-туысты паналап жүр.
Майгүл Сәдуақас, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Апаттан бүтін қалған заттарымызды шығаруға тырыстық. Бірақ өрттен кейін жарамды дүниеміз тек ыдыстар. Тұлдыр киімсіз, ешбір құжатсыз қалдық. Бәрі түгел жанып кетті. Түк қалмады. Қазір туыстардың үйінде тұрып жатырмыз.
2000-ға жуық тұрғыны бар Өндіріс шағын ауданына өрт деген тосын жағдай емес. Мұндағы тұрғын үйлердің көпшілігі ескі, оқыс оқиға жиі қайталанады.
Гүлмира Тоқбергенова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Жыл сайын біздің ауданда өрт болады. Былтыр үй өртеніп, ана мен бала тірідей жанып кетті. Тағы бірде кейуана үйден шыға алмай қалып өртеніп кетті. Мұндай үйлердің барлығы ескі ғой.
Ал әкімдіктегілердің жауабы екіұшты. «Оқиға орнына барып жағдаймен таныстық, мән-жайға қанықпыз» - деп отыр. Өндірістегі тозығы жеткен баспаналардан да хабары бар екен. Тек қамданып іске кірісуге осындай оқыс оқиғалар керек секілді.
Санжар Бөрлібаев, Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл жерде төрт отбасы бар. Соның екеуінің қазір тұратын жері бар. Екеуіне біз жәрдем береміз, уақытша үй. Төртке бөлінгендіктен ол ортақ үй, біреу ғой. Оның құрылысына жәрдем береміз.
Осылай деп уәде еткенімен, әкімдіктегілер жылы баспананы тұрғындарға қашан беретінін дөп басып айта алмады. Өндіріс ауданындағы өзге де апатты үйлер өз жағдайын айтып жауапты мекемелерге хат жолдаса ғана олардың баспанасын арнайы комиссия тексереді екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!