Аңшылық туралы заңды қайта қарауды талап етуде – Түркістан облысы
Түркістан облысының аңшылары амалсыздан браконьер атанамыз деп отыр. Оларды мұндай заңсыздыққа мемлекеттің өзі итермелеп отыр екен. Себебі, елімізде аңшылық маусымы қыркүйек пен желтоқсан айының 15-і аралығында.
Автор: Бек Әбиев
10.12.2021
Бірақ бұл кезде ауа райы жылы күнгейге үйрек, қаз келмейді. Құстар тек желтоқсанның соңына қарай ұшып келе бастайды. Сондықтан ақысын төлеп аң-құс атуға рұқсат алғандар қанжығамыз бос қайтады деп қынжылуда. Саят құрмаса тұра алмайтын күнгейліктердің базынасын КТК тілшісі тыңдап келді.
Күнгейдегі қару асынған азаматтар аңшылық туралы заңды қайта қарауды талап етуде. Өйткені аңшылық маусымы ел бойынша қыркүйек пен желтоқсан айының ортасына дейін жалғасады. Бірақ, бұл тек солтүстік өңірлерге қолайлы дейді. Ал ауа райы қолайлы оңтүстікке бұл мезгілде үйрек, қаз ұшып келмейді. Су қоймалары толып нағыз саят құратын кезеңде аңшылық маусымының мерзімі аяқталып қалады дейді жиналғандар.
Ұлықпан Әбиров, аңшы:
- Бізде аң енді келеді. Ертең 15-желтоқсан мерзімі жабылады. Алған жолдама, содан кейін ата алмаймыз. Осыны қайта-қайта айтып жатырмыз. Осыны комитеттегілер естісе, орман шаруашылығы парламентке ұсыныс жасаса. Оңтүстік аймақты қолдап жіберсе. Мақсат – мерзімін өзгерту.
Түркістан облысының өзінде 8 мыңға жуық аңшы бар. Бәрінің қолында бір маусымға жарайтын құны 10-12 мың теңге аралығындағы жолдама бар. Бұл рұқсат қағазы арқылы бүкіл оңтүстіктің орман-тоғайы мен су жағалауларында саят құруға мүмкіндік бар. Бірақ сулы-нулы аумақтарды жалға алғандар қосымша тағы ақы талап етеді. Қолында құжаты барлар аңшылық маусымда не жүре алмай, не аң-құс таба алмай сенделеді.
Нусрет Гусейнов, аңшы:
- Міне, атайық десек, ешнәрсе жоқ, бүркіттен басқа. Неге десеңізші? Өйткені су жоқ. Су болған соң жем, азық та болмайды. Сегіз мың аңшы жүр бостан-босқа. Не үйрек, не су жоқ. Төрт болды, шағым жасадық, жауап жоқ.
Аңшылар мәселе оңтүстіктің басты су арнасы – Сырдария өзенінде болып тұр дейді. Мысалы, су желтоқсанның соңына қарай толады да, өзге ұсақ көлдерге құяды. Сол кезде қазір шаң басып жатқан аймақта аң-құс өреді екен.
Бұл жер, ер ары кетсе екі-үш аптада суға толады. Сөйтіп үйрек пен қаз қона бастайды. Яғни аңшылардың нағыз саят құратын кезі. Бірақ, 15-желтоқсанда аңшылық маусым мерзімі аяқталады да, ешкімнің мылтық атуға құқы жоқ. Сондықтан маусымында үйрек атамыз деп үміттенгендер, ары кетсе торғай мен қарға көздеп, болмаса құты атып көңіл көтеруге мәжбүр.
Десе де аңшылық маусымы жалпы жұртқа аяқталғанымен, дөкейлерге бір күнге де тоқтаған емес дейді жиналған аңшылардың өзі. Лауазымды, һәм қалтасы қалыңдар жыл он екі ай саят құрады дегендер қырсыққанда енді біз де браконьер боламыз деп отыр.
Әскербек Өміров, аңшы:
- Осының тазалығына қарайтын инспекция қарамайды. Ертең аңшылық маусымы жабылған кезде өңкей лауазымды қызметкерлер аңға шығады. Прокуратура, ҰҚК, соты бар, лауазымды дөкейлер. Қарапайым халықтың бәрін ұстайды, қамайды. Билетті неге алып жатырмыз? Егер атуға қақымыз жоқ болса? Ештеңе аттырмайды. Әдейі атамыз, тыйым салса да, 15-желтоқсанда жабылса да атады, тіпті адам оққа ұшады ол жерде.
Ал экология министрлігіндегілер аңшылардың талай жылғы базынасын зерттей келе, енді өзгерістер енгізіп жатырмыз дейді. Яғни Түркістан облысы мен Маңғыстау өңірінде аңшылық маусымның жайсыз екенін мойындай келе, мерзімді сәл ұзартуды ұйғарыпты.
Олжабек Холов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:
- Енгізілген өзгертістерде қыркүйек айының екінші сенбісінен бастап, 31- желтоқсанға дейін ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл ғылыми ұйымдардың биологиялық негіздемесіне сәйкес әзірленген.
Оңтүстік пен Маңғыстау аңшылары биылдан бастап жаңа жылға дейін саят құруға мүмкіндік алды. Эколгия министрлігіндегілер аңшыларға қатысты заңнамаға өзгерістерді қазір мемлекеттік органдармен талқылап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!