Елордада теміржол механигі тоқ соғып көз жұмды
Абайсызда ажал құшты. Нұр-Сұлтан қаласында теміржол механигі тоқ соғып көз жұмды. Оқыс оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Автор: Елдос Есенбол
13.12.2021
Қайғылы жағдай Елорданың Нұр-Сұлтан 1 теміржол вокзалында болған. Марқұм №107 Нұр-Сұлтан Жезқазған бағытындағы пойызы вагонының үстіне шыққан сәтте қарсы тұрған электр сымдарын байқамай қалған. Кернеуі жоғары тоқ оны сол бойда жағып жіберген.
Қазір оқыс жағдайға байланысты тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ қайтыс болған азаматтың мүрдесіне сот-медициналық сараптама тағайындалған. Жолаушылар тасымалы пойызының жеке компанияға тиесілі екені анықталды.
Компания өкілдері марқұмның денесін туған жері Қызылордаға жеткізу мен жерлеу шығынын мойнына алып отыр. Сондай-ақ жекеменшік ұжымның әр қызметкері сақтандырылғанын айтады.
Жалғас Ерімбетов "Марал-Нұр" ЖШС заңгері:
- Қайғылы жағдайда қаза тапқан Құдайберген Наурызбай Серікбайұлы 1993 жылы туған. «НұрЖолӘлем» ЖШС-нің пойыз механигі болып жұмыс атқаратын. «НұрЖолӘлем» ЖШС, «Марал-Нұр» ЖШС-не техникалық қызмет көрсетеді. Жолаушылар вагондарымызға техникалық қызмет көрсетеді. Қандай себеппен вагонның үстіне мінгені анықталып жатыр. Толығырақ тексеру біткен кезде айтуға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!