Психикасында ауытқуы бар науқастар медициналық көмексіз қалуы мүмкін – Алматы облысы
Алматы облысында 250-ден астам психикалық ауытқуы бар науқас медициналық көмексіз қалуы мүмкін. Өйткені олар емделіп жатқан Талғар ауданындағы медициналық-әлеуметтік оңалту және психотерапия орталығының жұмысы тоқтаған.
Автор: Салтанат Шырынхан
13.12.2021
Жұмыссыз қалғалы тұрған емдеу мекемесінің ұжымы облыстағы басшыларының мұндай шешіміне өкпелі. Ал тоғыз ай бұрын 10 жарым мыннан аса тіркеуде тұрған емделушілерін облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар Талдықорған қаласындағы ауруханаға қағаз жүзінде аударған. Содан бері ақпараттық жүйеден өшірілген олар не мемлекеттен қаражат ала алмай, не науқас қабылдай алмай отыр.
Талғар ауданындағы орталық облысқа ауыстырылады дегенді естігенде жұрт шу ете түскен. 250 орынға арналған стационарға жергілікті науқастардан бөлек, маңайдағы 11 ауданнан жүйке жүйесінде ауытқуы бар жандар келіп қаралады. Өйткені бұл аймақтағы мамандандырылған жалғыз үлкен мекеме. Ал 300 шақырым жердегі Талдықорғанға баруға сырқаты ауыр адамдардың мүмкіндігі жоқ.
Сания Шәріпқожаева:
- Бұл орталықтың жабылуына қарсымыз. Менің мүгедек балам бар, 33 жасқа келген. Осының арқасында тегін дәрі, тегін ем алып жатырмыз. Мен бұл орталықтың жабылуына қарсымын. Өйткені бізге зейнетке аз қалды. Бұл жер жабылып қалса, қайда барамыз? Мен жалғызбасты анамын, төрт балам бар.
Орталық 30 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Мұндағы науқастарды тоғыз ай бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар қағаз жүзінде Талдықорған қаласына жаппай ауыстырылды деп көрсетіпті. Шын мәнінде емделушілердің барлығы өз орнынан қозғалмаған. Ал мекеме басшылығы ақпараттық жүйеде көрсетілмейінше, мемлекет көмегіне өтініш өткізе алмай отырмыз дейді.
Бұдан бөлек, ақ халаттылар биылға бекітілген қаражаттың қалмай, келесі жылға жоспар құра алмай отыр. 10 жарым мыңнан аса емделушілерінен айырылған мекеме жалақы төленбесе, қызметкерлерімізден де айырыламыз дейді.
Талғат Сейітов, Алматы облыстық медициналық-әлеуметтік оңалту және психотерапия орталығы директорының орынбасары:
- 4-сәуірден бастап біздің ауруханаға жазтқызу туралы база бар. Сондықтан кім есепте тұрадығ кім тұрмайды, оны ауруханаға қабылдаған уақытта базаға кіргіземіз. Сол база жұмыс істемей қалды. Қаржы жағдайы болмағаннан кейін амалсыз сырқаттарды шығаруға тура келеді. Стационарлық ем қабылдамағаннан кейін бұл кісілер үйіне қайтарылады. Үйіне сыйады, сыймайды, әлі не жоқ.
Мекеме басшылары талай жерге хат жазған. Бастапқыда цифрландыруға байланысты уақытша ауыстырылғанын айтқан. Бұдан бөлек, олар облыстағы небәрі 130 адамға шақталған орынға 250 науқасты қалай сыйдыратынын түсіне алмай дал. Ал Талдықорғадағы облыстық орталық өз бетінше мұндай шешім қабылдамайтынын айтып облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеді.
Ғания Оралбекова, Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары:
- Бүгінде облыстық психикалық денсаулық орталығы Алматы облысының психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар науқастарға стационарлық тәулік шұғыл және жоспарлы көмек көрсетеді. Облыстық психикалық денсаулық орталығы халықты бекітілуі, тіркелуіне тіркелу жұмысын жүргізбейді. Әрбір науқас өзінің тұрған жері бойынша бекітіп, орталық аудандық емханада тіркелу жасалынады.
Қазір бір ғана Алматы облысында ақыл-есінде ауытқуы бар 18 мыңнан астам науқас диспансер есебінде тұр. Олардың басым көпшілігі жаңа медициналық мекемеге бекітілген. Осылайша Талғардағы психотерапия орталығының болашағы әлі екіұдай күйде. Жағдай бұлай жалғаса берсе, науқастардың туыстары мемлекет басшысына ұжымдық үндеу жазатынын айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!