Қасым-Жомарт Тоқаев: Елді ауқымды өзгерістер күтіп тұр
«Тиімді мемлекет және әділетті қоғам құру». Қазақстан Президенті халық алдындағы міндетін тағы бір рет айшықтап алды. Елді ауқымды өзгерістер күтіп тұр деген Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада еліміздегі мұғалім, дәрігер, машинист, өнер жұлдыздары мен шенеуніктерге ерекше құрмет көрсетті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
13.12.2021
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында өз ісінің шеберлерінің кеуделеріне орден, медаль тақты.
Коронавирус пандемиясына байланысты журналистер Ақордаға кіргізілмеген-ді. Бүгін Тәуелсіздіктің 30-жылдығына орай өткен шараға БАҚ өкілдері арнайы карантиндік шектеулерді сақтай отырып, қатысты. Әншейінде шетелден келетін қонақтарға төселетін қызыл кілемнің үстімен дәрігер, ғалым, ұстаз, машинист жүріп өтті.
Қызыл кілемнің айналасына алтын түстес орындықтар қаз-қатар тізілген. Иісі мүңкіген раушан гүлдер мен мемлекеттік рәміздер Ақордадағы мерекеге көрік беріп тұр. Бірақ неге екенін қайдам, Тоқаев шақырған жиынның қатысушылары кіреберістен кетті. Бұрын мұндай марапаттау рәсімі ақ үйдің бірінші қабатындағы әдемі залда өтетін. Бүгінгі марапат иелері бар сәнді киімін киіп, боянып-сыланып келген. Президенттен басқалары бетперде киюді ұмытпапты. Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге бәрі де оң қолын жүрек тұсына қойып тұрып әнұран шырқады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бір күндік тоймен шектелетін мереке емес. Бұл айтулы күн қоғамға пайда әкелуі тиіс деп Тоқаев жыл басында шенеуніктерге мерейтойды атап өту ережесін шегелеп тапсырған. Дегені болды. Құрғақ есеп үшін жасалатын шаралар тыйылды. Ақша жан-жаққа шашылған жоқ. Президент жылдың нәтижелі болғанына сенеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Осыдан бір жыл бұрын мен үлкен мерейтойды шусыз, даңғазасыз, ысырапсыз нақты жұмыстармен атап өту қажеттігі туралы айттым. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жаңа, ауқымды реформалар қолға алынды. Сондықтан бұл жылды нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Біз экономиканы және әлеуметтік саланы жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Індетке қарамастан, мемлекет отандық бизнеске қолдау көрсетуде.
Коронавирус пандемиясымен күресте қазақстандық ғалымдар үнсіз қалған жоқ. QazVac вакцинасын ойлап тауып отандық медицинаға өз үлесін қосты. Алдағы уақытта Қазақстанда оңтүстікафрикалық штамм табылған жағдайда, ғалымдар QazVac-тың құрамын өзгертіп екпе дайындамақ. Биоқауіпсіздік инстутының бұл еңбегін Тоқаев елеусіз қалдырмады. Бүгін орталық директоры әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Күнсұлу Закарья, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
- Қазақстанда «омикрон» штамы пайда болса, бізге вакцинаны жаңарту үшін көп уақыт қажет емес. Мұны біздер екі апта ішінде жаңартамыз. Бүгінгі күні біз екінші вакцинаны клиникалық зерттеуден өткізіп жатырмыз. Бүгінгі алған мемлекеттік марапат – мемлекет тарапынан Қазақстан ғалымдарының еңбектерінің бағалануы.
Президенттің қолынан марапат алып кеудесіне төсбелгі таққандардың қатарында қарапайым пойыз машинисінен бастап, ауыл мұғалімі, дәрігерлер, балалар құқығын қорғаумен айналысып жүргендер, кәсіпкерлер, ақын-жазушылар, өнер жұлдыздары бар.
Бүгін билік басында жүрген атқамінерлер де атақсыз қалмады. «Қазақстан халқына адал қызмет етуге» осы шарада уәде берген ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен парламенттің қос палатасының депутаттары «Барыс», «Даңқ» ордендерін алды.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Полиция қызметкерлері үлкен жұмыс атқарып жатыр. Президент үлкен баға беріп жатыр. осыдан кейін біз жақсы жұмыс істейміз деп ойлаймын.
Салтанатты марапаттау рәсімінде мемлекет басшысымен алғаш жолыққандар оның қолын қатты қысып алды. Енді бірі сасқалақтап, төсбелгісін алғанша асықты. Жүрегі лүпілдеген әр марапат иегерін Қасым-Жомарт Тоқаев естелік суретке түсуге шақырды. Тіпті бетпердесін президенттің өзі шешкізген сәттері де болды
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!