Кентуккиде торнадодан із-түзсіз жоғалғандарды әлі іздестіріп жатыр – АҚШ
АҚШ-тың Кентукки штатында алапат торнадодан соң із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру әлі жалғасып жатыр. Әзірге құйынның кесірінен қаза тапқандар саны 80-нен асты. Бұл тізім көбеюі мүмкін дейді құтқарушылар.
Автор: Мақсат Мәлік
13.12.2021
Энди Бешир, Кентукки штатының губернаторы:
- Көмекке Ұлттық гвардия сарбаздары келіп жетті. Олардың 300-ден астам өкілі жұмыс істеп жатыр. Қазір барлық үй қирап қалған болса да, бәрін аралап жүр. Қиранды арасынан тірі қалған тұрғындарды жаппай іздестіріп жатыр.
Кентуккидегі торнадо салған сойқан АҚШ тарихындағы ең ірі табиғат апаты саналып отыр. Тіпті қаһарына мінген құйын 10 мың адам тұратын Мэйфелд қаласын әп-сәтте қирандыға айналдырған. Торнадо 400 шақырымға дейінгі аралықты талқандап өткен. Десе де үйінділер астында тірі қалғандар болуы мүмкін деген үмітпен іздестіру тоқтатылған жоқ.
Губернатордың сөзінше, 56 мың үй жарықсыз қалған. Бірақ аз уақытта шығын көлемін есептеу мүмкін емес дейді штат басшысы.
АҚШ президенті Джо Байден төтенше жағдай жариялап, федералды қордан қаржы бөлуді тапсырды. Құтқару және іздестіру шарасына еріктілер тобы да атсалысып жатыр. Екі күн бұрын соққан торнадо Кентуккиден бөлек тағы төрт штатты жайпап өткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!