Министрдің өз ревакциналауға әлі бармапты
Ревакциналау қарқынын күшейту қажет! Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мәмин денсаулық сақтау министріне осындай пәрмен берді. Әлеуметтік арақашықтық пен бетперде тәртібін де сөз еткен Үкімет басшысы эпидахуалды назарда ұстау керектігін ескертті.
Автор: Елдос Есенбол
14.12.2021
Асқар Мәмин, ҚР премьер-министрі:
- Қазір 8,8 миллионнан астам адам бірінші компонентті салдырды. Бұл 18 жастан асқан адамдардың 78 пайызына жуық. 8,3 миллион адам екінші компонентті салдырды. Бұл, шамамен 73 пайызы. Бетперле режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтап, вакциналау және ревакциналау қарқынын күшейту қажет.
Ревакциналау маңызына министрі Алексей Цой да тоқталды. Қарқыны мен қаупі жоғары індеттің жаңа түрі жетсе, бұрын ауырғандар қайталап ауруы да ғажап емес. Десе де министрдің өзі әлі ревакциналауға бармапты. Қайта иммунизациядан өту үшін азаматтар вакцинаның бір дозасын алса жеткілікті. «Бұл әлемдік тәжірибе», - дейді Цой. Сол үшін де қазір отандық «ҚазВак» қана ревакциналауға жарамды. Өйткені ресейлік «Спутниктің» екі дозасы екі түрлі. Десе де қайта вакцинациялау басталған сәтте дәрігерлерді егу үшін бұл кедергі болмаған. Енді осы жұмысты жалғастыру үшін «Спутник Лайт » екпесін күтуге тура келеді. Қазір 136 мың қазақстандық ревакциналаудан өткен.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Жыл сайын тұмауға қарсы екпе салдырамыз ғой. Бірақ оның күші тек жазға дейін жетеді. Келесі қыста қайта алу керек. Мұнда да дәл сол сияқты. Егер вакцинаның қандай да бір компонентін алған болсаңыз және бұрын коронавируспен ауырған болсаңыз, сізде антидене бар. Бірақ күшті вирус келген кезде ол қарсы тұра алмай қалуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!