Б. Хаменованың күдікке ілінгені облыс әкімінің көңіліне қаяу түсіріпті
Бақытгүл Хаменованың пара алды деп күдікке ілінгені Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың көңіліне қаяу түсіріпті. Ең танымал орынбасарының мұндай дауға себеп болуы шенеунікті әбден састырған секілді.
Автор: Елдос Есенбол
14.12.2021
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова өткен жұмада пара алды деген күдікпен ұсталып екі күннен кейін үй қамаққа босатылған болатын. Сот мұны кәмелетке толмаған балаларының болуымен түсіндірді. Негізі антикор тергеу біткенше шенеунікті екі айға қамауды сұраған. Тергеушілер Хаменованы Абай ескерткішіне бөлінген ақшадан ауызбастырық сұраған деп күдіктенеді. Яғни 150 миллион теңгенің он пайызы әкім орынбасарының қалтасына түсуі керек болған екен.
Хаменова жалғыз күдікті емес. Қасында бұрынғы облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ақылбек Рысқалиев те бар. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Әзірге Хаменованың орны сақтаулы. Ал қол астындағыларының кінәсі расталса, Атырау облысының әкімі қызметтен кетуге әзірмін дейді.
Хаменовадан бөлек, Махамбет Досмұхамбетовтың тағы екі орынбасары да жемқорлық бабымен істі болып жатыр.
Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
- Бұл сұрақ арнайы заңның айналасында талқыланады. Егер менің қарамағымдағы қызметкерлердің, соның ішінде орынбасарларымның пара алғаны анықталса, мен отставкаға арыз жазуға міндеттімін. Солай жасаймын да. Ал әрі қарай не болатынын мемлекет шешеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!