Таразда баспаналы болуға тиіс үш отбасы қаңғып қалуы мүмкін
Әкімнің алдағаны рас па? Таразда асарлатып үй салу жобасымен баспаналы болуға тиіс үш отбасы жеме-жемге келгенде қаңғып қалуы мүмкін. Олардың сөзінше, әу баста атқамінерлер жер телімін бөліп үй тұрғызыңдар деген.
Автор: Руслан Әбдіхалық
14.12.2021
Бұған қуанған тұрғындар демеуші тартып, тіпті жиған-тергенін түгел құрылысқа жұмсап жіберген. Ал енді ол баспаналар басқа біреулерге бұйырғалы тұр.
Үш баланың анасы Фарида Жұмабаеваның күйеуі екінші топтағы мүгедек. Сондықтан өзім отбасын асырауға мәжбүрмін дейді. «Айлығым-шайлығыма жетпейді» деген ол 15 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрған. Ал көктемде мешіт имамы әкімдіктен үш мұқтаж отбасыға жер телімі бөлінгенін айтыпты. Сөйтіп демеушілер көмегімен баспана тұрғызып, «біреуін сізге береміз» деген екен. Ал енді үйдің құрылысы аяқталғанда жағдай өзгеріп кеткен.
Фарида Жұмабаева, Тараз қаласының тұрғыны:
- 16-желтоқсанға дейін беріледі дегенге қуанып отырғанмын. Енді әкімдік алып қоймақшы. Сөйтіп оны басқа бір кісілерге беремін, басқаларды отырғызамын деп айтыпты.
Фарида Жұмабаева, үй құрылысына жиған-тергенімнің бәрін жұмсадым дейді. Тіпті жұмысшыларды өзі жалдап, оларға ас-суын да беріп отырған. 39 жастағы әйел маңдай теріммен соққан үйді бөтен біреуге бермеймін деп табандап тұр.
Фарида Жұмабаева, Тараз қаласының тұрғыны:
- Басын бастадым ба, кірпіштен бастап қаладым ба, бұл үйді мен бермеймін. Бастаған соң үйді алуға тырысамын. Аяғына дейін жетемін. Әкімнің алдына, Сапарбаев ағамыздың алдына қонсам да, осы үйді аламын.
Фарида секілді тағы екі отбасы тығырыққа тірелген. Ал мешіт имамы Елдос Қырықбаевтың сөзінше, осы істің басы-қасында өзі жүрген. Ол қала әкімі Ержан Жылқыбаевпен келіскенін айтуда. Яғни әкімдік жер беріп, демеушілер көмегімен бұлар үш жанұяға баспана салуға уағдаласқан. «Ал енді үйдің құрылысы біткенде шенділер сөзден тайқыды», - дейді.
Елдос Қырықбаев, имам
- «Өздерің салып, өздерің берсеңдер, қуана-қуана келісеміз» деген. Жылқыбаевтың өз аузынан шыққан сөз.
Қала әкімдігі үш баспананың құрылысы ерте көктемде басталғанымен, жарым жолда тоқтап қалғанын айтады. Сөйтіп өздері демеушілер көмегімен аяқтапты. Ал бұл жағдайдың туындауына имамды айыптап отыр. Өйткені ол ешкіммен келіспестен тұрғындарға уәде беріп қойған дейді. Тәртіп бойынша асарлатып салынған үйлер тек тұрғын үй кезегінде барларға беріледі екен. Бұл үш отбасының біреуі ғана кезекте тұр. Оның өзі былтыр тіркелген.
Зарина Қуатова, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі:
- Бастамашы топ әкімдіктің рұқсатынсыз, яғни әкімдікпен келіспей жатып, ешқандай азаматтарға тұрғын үй сіздерге салып беремін немесе асардан көтерілген үйлер сіздерге беріледі деген уәде бермеу керек еді. Және бұл тұрғын үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматарға берілетіндіктен, арнайы комиссия құрылған.
Әр жанұя үй құрылысына демеушілерден бөлек 2 миллионнан аса ақша жұмсағанын айтады. Әкімдік бұл қаражатты қайтарып беруге дайын. Бірақ тұрғындар оған көнбей отыр. Дау болған баспаналар Тәуелсіздік күніне орай кезекте тұрған жандарға үлестіріледі. Сондықтан бұл айқайдың бүгін-ертең бітер түрі жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!