Түркістан облысында жол бойындағы істемейтін әжетханалар тоналып жатыр
Түркістан облысында жол бойындағы әжетханалар шетінен тоналып жатыр. Бюджеттің қыруар қаржысына салынған нысандар бір күн де жұмыс істемепті. Сондықтан айдалаға дәретхана салдыру идеясын жұрт шенеуніктердің ақша жымқыру әдісі деп санайды.
Автор: Бек Әбиев
14.12.2021
Әлібек Құралов, Келес ауданының тұрғыны:
- Дәретхана істегеніне істеген-ау, бірақ дәрет шығаратын жері жоқ. Кіріп көрем, болмайды бұл. Былтыр есігі бар еді, қазір есігі де жоқ. Қарайтын адам жоқ. Қараусыз. Кім қарайды бұған? Үкімет қарамайды, басқа қарамайды. Бұл қарапайым халықтың есебінен салынған нәрсе. Дәрет сындырасың, арт жағына. Мынаның ішіне сындыра алмайсың ғой. Өзіңіз кіріп көріңіз, қалай екен.
Былтыр ғана салынған дәретханалардың ішіне кіру мүмкін емес. Есіктері ұрланып, қабырғалары қақырағаны былай тұрсын, іші-сырты нәжіс пен қоқысқа толып қалған. Әу баста сапасыз салынған кей әжетхананың унитаздары қолды болса, кейбірі қирап жатыр. Ал тасжол бойына модульді әжетхана қою идеясы екі жыл бұрын Келес ауданының шенеуніктеріне келіпті. Қаңылтырдан салынған қоғамдық нысанды ауданның тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы бөлімі қабылдап та алған. Сөйтіп әр әжетхананы ең жақын ауылдық әкімдіктер есебіне берген. Алайда қараусыз қирап қалған дәретханаға шенеуніктер қанша қаржы жұмсағанын жасырып отыр.
Бақытжан Шырынбек, Келес ауданы ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Қараусыз қалған әжетханалар бойынша тиісті ұсыныс хаттар жолданған. Ауыл округі әкімдері тарапынан, Келес ауданы әкімшілігі тарапынан және қазір «Қазавтожол» қоғамдастығының теңгеріміне өткізуде тиісті жұмыс жүргізілуде. Құжаттар рәсімделіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!