Күмілжіген басшы ақыры Мәжіліс төрағасынан сөз естіп тынды
Елдің зейнетақы қорындағы ақшасына деген құмарлық әлі де басылар емес. Бүгін қаржы нарығын реттеу агенттігі қазақстандықтардың мерзімінен бұрын зейнетке шығуына мүмкіндік беретін бастама көтерді.
Автор: Елдос Есенбол
15.12.2021
Алайда ұсыныс шала. Мәжілісмендердің де қорқатыны осы. Депутаттар ел арасында дүрбелең туғызып, ең төменгі шекті есептеу әдістемесін жасағандарды жазалауды талап етті. Тіпті олар еңбек министрлігін біліксіздігі үшін айыптады. Зейнетақы қорының басшысы да парламенттегілердің сынына қалды.
Шенеуніктер бас қосқан сайын зейнетақы қорындағы қаржы мәселесін талқылау әдетке айналғандай. Шекті меже күрт көтеріліп, ел азаматтарының төрттен бірінің жиған ақшасына қолы жетпей, көп арасында дау туғаны әлі есте. Депутаттар бұл Президенттің зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін тұрғын үй алуға жарату туралы заңын пысқырмау деп сынады.
Бүгін Мәжіліс отырысында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағы да зейнетақыға қатысты жаңа бастама ұсынды. Азаматтар қордағы артылған ақшаны жақын туысының есебіне аудара алады. Яғни осылайша бейнетінің зейнетін мерзімінен бұрын көруге мүмкіндік сыйламақ.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы:
- Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнатақы аннуитетін сатып алады. Сонымен бірге төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады.
Десе де бұл мүмкіндікті барлығына бірдей пайдалана алмайды. Жақын туысыңызға қордағы ақшаңызды аудару үшін алдымен өзіңізде жетуі шарт. Одан соң ерлер 55, ал әйелдер 52 жасында ғана мүмкіндігін қолдана алады. Бірақ жаңа бастаманың түсініксіз тұсы көп. Мысалы, «Ерлі-зайыптылардың бірі бақилық болған жағдайда оның қаржысы зайыбына аударыла ма?» деген депутат сауалына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының төрағасы мардымды жауап бере алмады. Күмілжіген басшы ақыр аяғында мәжіліс төрағасынан сөз естіп тынды.
Жанат Құрманов, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ басқарма төрағасы:
- Әрине, осындай мәселелерді шешуге болады. Заң бойынша ... шарттың ішінде осындай мәселелер шешіледі. Өйткені шартқа қосымша ... қосымша да жеке төлем кестесі бойынша да осы мәселені шешуге болады.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
- Бір мәселеге жауап бере алмайсыз. Тікелей сұраққа сол жақтан да, оң жақтан кіретін жолды іздеп. Депутат тікелей сұрады ғой. Екі мәселе шешу керек ол үшін. Біздің заң бойынша сіздердің мына бұйрықтар бойынша. Қалай басқарып жүрсіз? Соны білмейсіз. Зейнетақы бойынша үш апта бойы елді даурықтырып, бір-бірлеріңе сілтеп жауап бермегендерің түсінікті. Мәжіліс залына келерде дайындалып келу керек.
Президенттің бастамасына салғырт қарағандарды мәжілісмен Аманжан Жамалов та сынға алды. Түптің түбінде ел ішінде осындай дүрбелең туғызғандарды жазалау керек дегенді ұсынды.
Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:
- Шекті межені бекітерде ең төменгі жалақы мөлшерін емес, ең төменгі зейнетақы мөлшерін ескерген дұрыс. Және бұны есептеуді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бекіту керек деп есептейміз. Қызметтік тексеріс жүргізіп, осы жағдайға кінәліларды анықтап, оларды жазалау қажет.
Мәжілісте сөзінен сүрінген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшысы Жанат Құрманов қордағы ақшасын алуға асықпаған азаматтарды қолдаймын дегенді айтып отыр. Оның сөзінше, жинаған қаржысын алуға тырыспағандар мәселені байыппен шешетіндер екен. Ал халықтың елдегі қаржы жүйесіне сенбеушілігін сарапшылардың ойлап тапқаны деп ақталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!