Вакцинаны толық ектіргендер ревакцинаны уақтылы алғаны жөн
Елімізде коронавирус жұқтыру қарқыны едәуір бәсеңдеді. Эпидахуал жақсарған соң, елорда мен Қарағанды облысы «жасыл» аймаққа өтті. Әзірге республика бойынша қауіптің ең жоғарғы деңгейі – «қызыл» аймақта бірде-бір өңір жоқ.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
15.12.2021
Алайда инфекционистер аурудан айыққандардың індетке қайта шалдығу қаупі бар екенін жеткізді. Сондықтан мамандар екпенің екі компонентін алған тұрғындарға ревакциналаудан уақтылы өтуге шақырады.
Соңғы екі аптадан бері елімізде коронавирус жұқтырғандар күрт азайған. Мәселен, соңғы тәулікте 488 адамға кесел жабысып, 68 жанның екі өкпесі қабыныпты. Кешелі бері кеселден 14 науқас көз жұмған.
Індеттің таралу көрсеткіші бойынша Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы «жасыл» аймаққа өтті. Қазір қауіптің «сары» деңгейінде Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Ал «қызыл» аймақта бірде-бір өңір жоқ.
Қарағанды облысында өткен тәулікте 74 адамның КВИ жұқтырғаны анықталған. Бұл ел бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Дәрігерлер мұны халық саны көп өңірдегі 100 мың адамға шаққандағы ауырғандар санының азайғанымен түсіндіреді. Алайда «жасыл» аймаққа ауысу арқаны кеңге салу емес дейді мамандар.
Айгүл Шәтекова, Қарағанды облысы санитария-эпидемиологияны басқару департаментінің ресми өкілі:
- Театр, кинотеатр, концерт залдары, филормония, цирк, компьютерлік клубтарды қоса алғанда, толымдылығы 70 пайыздан аспайтын және «жасыл» мәртебесі бар келушілерге жұмыс істейді. Мәдениет нысандары, атап аятқанда, репетициялар саны бойныша шектеусіз. «Жасыл» мәртебесі бар келушілерге ғана.
Бірақ инфекционистер аурудан құлан-таза айыққандардың арасында қайтадан коронавирус инфекциясына шалдығып жатқандар көп екенін жеткізді. Сондықтан медицина мамандары екпенің екі компонентін толық алған жұртқа уақтылы ревакциналау жасауға шақырады.
Тамара Ұтағанова, инфекционист:
- Бір адам коронавирус инфекциясымен қайта ауруы мүмкін. Ал екпе технологиясы бізге қауіпсіздік үшін қажет антиденелерді қалыптастыратындай етіп құрылған. Яғни инфекцияның ағзаға кірмеуіне, кірген жағдайда ауруды жеңіл өткеруге көмектеседі. Жалпы гетерологиялық екпемен ревакциналау жасауға кеңес береміз. Яғни векторлық екпе салдырғандар инактив, ал керісінше, инактив салдырғандар векторлық түрін салдырғаны дұрыс.
Республика бойынша екпенің үшінші дозасын 136 мың адам алған. Бұл көрсеткіш «омикрон» штамы әлемге тарала бастағанда күрт өскен. Ал толық вакциналаудан өткен отандастарымыздың саны 8 миллионнан асып жығылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!