Бомба: Шымкент әуежайына жалған ақпарат берген лаңкес іздестіріліп жатыр
Шымкент әуежайына жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпарат таратқан лаңкес іздестіріліп жатыр. Ол тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызған хабарламаны әуежайдың электронды поштасына жіберген.
Автор: Бек Әбиев
15.12.2021
Соның салдарынан бірнеше рейс кейінге шегеріліп, енді ұшып келген жолаушылар жүгін ала алмай әуре-сарсаңға түсті.
Мақсат Әбдіжалил, жолаушы:
- Ұшақ қонды, содан кейін шығармады. «Сол жерде тұрыңдар, күте тұрыңдар, тексереміз шығарамыз» деді. Сосын трап келді, түсірді шығарды. «Багажды кейін аласыңдар» деп, шығарып жіберді. Не деп жатыр? Бомба бар сияқты, не бар деді, хабар түсті деді. Соны тексеріп жатыр деді.
- Жүгіңді ала алмадың ба?
- Жоқ, кейін алып кетесіңдер деді.
Әуежайға бомба қойылды деген ақпарат поштаға түнгі сағат 2-де түскен. Бірақ қызметкерлер бұл жазбаны таңғы сағат 9-да бір-ақ көріпті. Тек содан кейін барып авиация қауіпсіздігі қызметіне хабар берген. Осыдан кейін жедел жеткен құзырлы орындар 400-ден астам адамды қауіпсіз жерге көшіріп, саперлар екі мың шаршы метр аумақты тінтіп шыққан. Жалпы екі сағатқа жуық тексеруден Ақтауға, Алматы мен Нұр-Сұлтанға ұшуға тиіс рейстер уақытынан кешікті. Қазір шығын есептелуде. Сондай-ақ белгісіз поштадан жалған ақпар таратқан адам іздестіріліп жатыр.
Жомарт Махмұт, Шымкент әуежайы заң бөлімінің жетекшісі:
- Бүкіл периметр бойынша қазір авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері патруль жасап жүр. Бүкіл камералармен мониторинг жүргізіліп жатыр. Сағат 12-ден бастап және полиция қызметкерлерімен бірге тағы да осы апта ішінде тағы екі-үш рет кинологтармен бірге тексеріп өтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!