{metadescription}
Талғар ықшамауданына газ жүргізуге бөлінген қаржы саяжайға жұмсалып кеткен
Талғар ықшамауданына газ жүргізуге бөлінген қаржы саяжайға жұмсалып кеткен

Талғар ықшамауданына газ жүргізуге бөлінген қаржы саяжайға жұмсалып кеткен

«Ақша бөлінгенімен, жобада жоқпыз». Алматы облысы Талғар қаласының тұрғындары әкімдік әрекетін түсінбей әлек. «Аққу» ықшамауданына газ жүргізуге бөлінген қаржыға аяқасты атауы «Аққу-2» болып өзгерген саяжайда жұмыс басталып кетті дейді.

Сорақысы сол, бюджет бөлінген қағазда атауы болғанмен, жобада қалыс қалған. Енді қайтпек керек? Әкімдіктегілер бұл қателікті қалай түсіндіреді?

- Өстіп пеш жағып отырмыз, осы уақытқа шейін. 21-ғасыр, күл шығарамыз.

Райхан Жұмағалиева күзде газға қарқ боласыңдар деген әкімдік уәдесіне сеніп қысқа қамданбаған тұрғындардың бірі. Жеме-жемге келгенде енді көмір таппай, тапса да екі есе құнына сатып алуға мәжбүрміз дейді.

Райхан Жұмағалиева, Талғар қаласының тұрғыны:

- Биыл жылу маусымына дейін газ жүргіземіз деген соң сеніп, біз көмір алмай отырдық. Әкімдіктен 7 жылдан бері жоспарда жоқсыңдар деді, анау деді, мынау деді, осы уақытқа шейін. Биыл жүргіземіз дегенде қуанып едік.

Талғар қаласында тек «Аққу» ықшамауданында газ жүргізілмеген. Биыл бюджеттен 145 миллион бөлінді дегенде бөркін аспанға атқандардың қуанышы бертінде су сепкендей басылды. Жоғары жақтағы саяжайдың атауы аяқ асты «Аққу-2» болып өзгертіліп, газды сол жаққа тартуды басталды дейді.

Амантай Керімбаев, Талғар қаласының тұрғыны:

- Тау жағымызда ГЭС деген ауыл бар болатын. Соны «Аққу» деп атап, сол жерге газ тартып жатыр екен. Біз ол жерде жүргізіп жатқан компаниямен сөйлестік. Олар: «Бізге берген картада жоқсыздар, Талғар қаласының да картасында жоқ» - деді. Біреулердің ықпалымен шығар, бәрін өзгертіп жіберіп, бір ауылды, ГЭС деген ауылды «Аққуға» айналдырып жіберген.

Бірер апта бұрын газ құбырын тартуды бастағандарға тұрғындар қарсы шығып, уақытша жұмысын тоқтатты.

Алайда жоғарыдағы ауылдың әр үйіне газ құбырын қойып үлгерген. Мәселенің мән-жайын білмекке тұрғындар Талғар ауданы әкімдігіне барды. Бірақ аудан әкімін де, орынбасарларын да жұмыс орнынан таппады.

Талғарлық шенеуніктер шетінен «мерекелік шараға кетті» деген жауап естідік. Ал жиналған жұртқа тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкері шықты. Жобада «Аққудың» болмауын о баста кеткен қателікпен байланыстырды.

Айбек Ақылжанов, Талғар ауданы әкімдігі ТКШ бөлімінің маманы:

- Жобалау кезінде қалып қалған енді. Бізден де қателік болған, ол жерде жобалаушы мекеме басынан аяғына дейін толық жауып шықпағаннан кейін, қазір енді соның бәрін жөндеп, бұл кісілерді жобаға қосып жүргізіп береміз.

Бір қызығы, бюджеттен ақша биыл сәуірде бөлінгенмен, жұмысты күзде  бір-ақ бастаған. Ала жаздай әрекет етпегенін байқаудың ұзақ өтуімен байланыстырады. Енді кеткен қателікті реттейтін болса, онда жобаға қайтадан өзгеріс енгізу қажет.

Жобада кеткен қателіктің кесірінен бұл жаққа газ жүргізу үшін әкімдіктегілер қосымша қаражат қажет дейді. Келер жылдың ақпан айына дейін бұл мәселені бір жақты қыламыз деген әзірге сөз жүзіндегі уәдесін де берді. Ал оған дейін тұрғындардың қымбат көмірді сатып алып алуына тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

30 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде