{metadescription}
Алматыда кемтар жандар «Инватакси» көлігіне көңілі толмайды    
Алматыда кемтар жандар «Инватакси» көлігіне көңілі толмайды    

Алматыда кемтар жандар «Инватакси» көлігіне көңілі толмайды    

Сұраныс көп, көлік аз! Алматыда бірінші топтағы мүгедек баланы бағып отырған аналардың «Инватакси» қызметіне көңілі толмайды. Олар арбаға таңылған перзентімізді оңалту орталығына апара алмай қиналдық дейді. Өйткені қалада тегін тасымалдайтын көлік жетіспейді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды таситын арнайы машинаның сапасы да сын көтермейді дейді наразы топ. Ал қызмет көрсетуші мекеменің айтар өз уәжі бар.

9 жастағы Әмірдің туғаннан дамуында тежеу бар. Арбаға таңылған баласын Замира күн сайын оңалту орталығына апарады. Алайда ол арнайы көлікке отырудың өзі қауіпті деп күйінеді. Мәселен, жуылмайтын лас машинадан үнемі жағымсыз иіс шығып, терезесі мен есігі де дұрыс жабылмайды екен.

Замира Айдарова:

Жүргізушінің оң жағындағы терезе мүлдем жабылмаған. Өзіңіз ойлап көріңізші, мүгедек баланы осындай көлікпен қалай апарамын? Салқын тиіп ауырды. Көліктері бұзылған. Салоннан үнемі бензин мен түрлі  иіс шығып тұрады. Басымыз ауырып әрең отырамыз. Есігі де әрең ашылады.

Қалада Замира сынды «Инватакси» қызметіне көңілі толмайтын аналар көп. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін тасымалдайтын көліктің аздығынан діттеген жерімізге жете алмай қиналдық деп отыр.

Екатерина Ирыгина:

- «Инватакси» бізге күніне екі мәрте қызмет көрсетпейді. Медициналық орталыққа жету үшін қалтамыздан ақша шығаруға мәжбүрміз. Аптасына 10 мың теңгеміз кетіп қалады. Бізге онсыз да оңай емес. Дәрігерге күн сайын қаралу керекпіз. Көлік келмей қала ма деп алаңдап отырамыз. Жүйкеміз әбден жұқарды.

Аналар шағымданған қызмет көрсетуші мекеме көліктің барлығы техникалық талапқа сай деп өздеріне шаң жуытпады. А, терезесінен ақау шыққан көлікті бірден жөндемеген жүргізушінің өз кінәсі дейді жауапты компания басшысы.

Шыңғыс Қарабаев, Business Target компаниясының директоры:

- Соңғы өтініш болғандықтан ол кісіні апарып тастап, сосын механикке барайын деп, жүргізуші өзі шешім қабылдаған екен. Терезені ұстап тұратын трос үзілген. Оны сол күні кешке қалпына келтірген. Көліктер бізде аптасына бір рет техникалық байқаудан өтеді. Механик өз штатымызда. Ол кісі көліктің сыртқы, ішкі, қозғалтқыш барлығын тексереді. Жұма күні тексеріс болады. Сенбі, жексенбі кемшілікті жоямыз.

Алматыда жүріп-тұруы қиын 2 мыңға жуық бірінші топтағы мүгедек «Инватакси» қызметін пайдаланады. Оларды көлікпен үш компания қамтамасыз етеді. Бірақ өздігінен қозғала алмайтын жандардың барлығын қажет жеріне жеткізуге арнайы көліктердің жетіспейтінін атқамінерлер де жасырмайды. 

Аманат Сұлтанғазиев, Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Ағымдағы жылға 30 көлікке 218 миллион қаражат бөлінген. Алматы қаласында «Инватакси» көліктері жетіспейді. Біз келесі жылы 60 көлікке дейін көбейтуді жоспарлап жатырмыз. Мүгедектердің шағымын қарастырып, өнім берушіге іс-шара қабылдаймыз.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары сапасыз қызмет көрсететін компанияларды «қара тізімге енгізбесе, бәрі бекер» деген пікірде. Өйткені олар келесі жылы да тендерде жеңіп шығуы мүмкін. Одан кейін «баяғы жартас сол жартастың» кейпі қайталанып, нашар көлік пен сапасыз қызметтен құтылмайтындарына сенімді. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

30 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде