Лесхозда жеті жасар қызды ит талап өлтірді – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында жеті жасар қызды ит талап өлтірді. Жантүршігерлік оқиға, Өскемен іргесіндегі Лесхоз ауылында болған. Бұралқы ит аулада ойнап жүрген баланың аяғын жұлып алған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
20.12.2021
Оқыс оқиғадан үрейленіп қалған ауыл тұрғындары елдімекен іргесіндегі тұрмыс қалдықтарын төгетін полигонды жабуды талап етуде. Өйткені аш иттер қоқыс полигонына жиналып алып топтасып ауылға да шабатын болған.
Қайтыс болған қаршадай қыздың ата-анасы перзентінен айырылғанына әлі сене алар емес. Айтуларынша оқиға бас-аяғы жарты сағаттың ішінде болған. Жеті жастағы Мария үйдің ауласына ойнауға шыққан, ал анасы сол мезетте үйдегі сәбиіне қарап қалыпты. Артынша қаңғыбас ит аулаға кіріп, ойнап жүрген қызды тарпа бас салған.
Дарья Орлова, Марияның анасы:
- Терезеден қарасам, Маша құлап жатыр. Ойнап жатыр екен деп ойладым. Түсінбей тұрып қалдым да, далаға жүгіріп шықтым. Жанына келсем аяғын жұлып тастапты. Қардың беті қанжоса. Киімдерінің барлығы жыртылған. Тек бетіне тиіспеген.
Тұрмыстық қалдық қалдық төгетін полигонның іргесінде тұрған ауылда қаңғыған ит көп. Тұрғындар ауыл ішінде түнді қойып, күндіз жаяу жүрудің өзі қауіпті екенін айтады. Оның үстіне мектепте оқитын балалар сабаққа бару үшін ауыл шетіндегі орман-тоғайдан өтеді.
Бекболат Қайсанов, Лесхоз ауылының тұрғыны:
- Қоқыс төгетін алаңда қаңғыған ит көп. Сол иттерді атса дейміз. Оны жиі-жиі аулау керек. Біз балаларымызды далаға жіберуден қорқамыз. Қазір жеке тұрғын үйде тұрғанымызбен, баламыз далаға шықпайды.
Қыздың қазасынан кейін үрейі ұшқан ауыл тұрғындарды атқамінерлерден полигонды жабуды талап етіп отыр. Сонмен қатар қаңғыған иттен бөлек, көк түтіннен көз ашпаймыз дейді. Ал дүрліккен жұртты сабырға шақырған шенеуніктер мәселенің күрмеуін шешеміз деп ақталды.
Денис Федченко, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл қоқыс төгетін полигон 1968 жылы салынған. Біз мұның толып қалғанын да білеміз. Жаңа полигон салу жөнінде келісімшарт жасалды. Жаңа полигонның құрылысы 2022 жылы басталады.
Ит талап өлтірген жеті жастағы Марияның қазасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция қызметкерлері қаршадай қызға шабуыл жасаған өз иті ме, әлде бұралқы ит пе, соны анықтап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!