{metadescription}
Алексей Цойдың сәтсіздіктері және жетістіктері 
Алексей Цойдың сәтсіздіктері және жетістіктері 

Алексей Цойдың сәтсіздіктері және жетістіктері 

Бір жарым жылға да жеткен жоқ. Бүгін денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Алексей Цойға жасаған жұмысы үшін алғысын президент өзінің баспасөз хатшысы арқылы ғана жеткізген.

Ал экс-министр енді ғылымға ден қоймақшы. Елдің бас дәрігерінің орнына кімнің отыратыны әзірге беймәлім. Министрдің қызметін уақытша вице-министр Жандос Бүркітбаев атқара тұрады.

Коронавирус инфекциясы нағыз өршіген тұста сценарист атанған Алексей Цой жұмысынан өз еркімен кетіпті. Бір жарым жылдай денсаулық сақтау министрі болған 44 жастағы азамат бір жылдан аса тергеліп жатқан Елжан Біртановтың орнына келген еді. 2020 жылдың маусымында денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары, үш күннен кейін елдің бас дәрігері болып тағайындалды. Шенеуніктің жылы орынға жайғасуы коронавирус  пандемиясымен тұспа-тұс келді. "Ашықты" енгізіп, жан-жақтан түрлі вакциналарды жеткізіп, қазақстандықтарға екпе салдырып, тіпті ревакциналау жасауға үгіттеді.

Коронавирусқа қарсы екпені салдыртуға қарсы болғандар тіпті екі вице-министрге жұдырық ала жүгіргені есте. Оған Цой ләм-мим ауыз ашпаған-ды. Бастапқыда қарқынды басталған вакциналау уақыт өте басылып қалды. Бұған Тоқаевтың көңілі толмай, шенеунікті жұмыстан босатамын деп сын айтқан болатын. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Сіз жақсы жұмыс істеп бастадыңыз, бірақ кейін жұмысыңыз баяулап қалды. Сәуір айының ішінде жағдайды түзетуіміз керек. Әйтпесе кадрлық өзгерістен ренжіп қалуыңыз мүмкін.

Дегенмен президенттің сенім үдесінен Цой мырза шыға алмады. Індетке қарсы екпені биыл қыркүйек айында 10 миллион адам алуы керек болған. Қазір бұл көрсеткіш тек 8 миллион 900 мың ғана. Өткен айда тек белгілі бір санаттағы азаматтарға «Пфайзер» жеткізілді. Дегенмен экс-министрдің жұмысына мәжілісмендердің көңілі толады екен.

Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:

- Ең бастысы, өз міндетін алдағы қиындықтарға, басқаға қарамастан атқарып шықты ғой. Пандемия, вакцина сияқты ірі-ірі мәселелерді шешті. Әсіресе пандемия кезінде жұмыс істеу оңай емес қой. Кез келген адамның жүйкесі бар, басқасы бар. Кейде заңсыз, кейде заңды, қисынсыз, беймаза сұрақтардың өзіне жауап беру оңай емес.

Ал саясаттанушы Данияр Әшімбаев мәжілісмен Айдос Сарым сияқты ойламайды. Цойдың жеңісінен гөрі, жеңілісі оның көңілін қатты қалдырғандай.

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:

- Министрлік кез келген бағыттағы жұмысты ұйымдастыра алмады. Коронавирус инфекциясымен және басқа аурулармен күресті ұйымдастыруда вакциналар мен дәрі-дәрмектерді сатып алуда сәтсіздіктерге ұшырады. Статистиканы қалай болса солай жасау, үнемі өтірік айту, елді шатастыру, сыбайлас жемқорлық жанжалдары, жауапсыздық – министр мен оның командасының нағыз стилі.

Коронавируспен күрес кезінде дәрігерлер үстемақы алмадық деп шулағанымен, шенеунік лауазымды қызметінен кетер алдында инфекциямен күресетіндерге үстемақы беру туралы заңды мәжілісмендердің қарауына ұсынып үлгерді. Пессимистік, оптимистік және реалистік сценарийлерді жаза отырып, Цой ел есінде сценарист атанды.

Бүгін-ертең денсаулық сақтау министрі болып тағайындалатын болашақ министрге енді оңай соқпайын деп тұр. Бес орынбасары бар министрлікте атқаратын шаруа көп. Әріптесі Біртановтың істі болуына түрткі болған цифрлық платформаны іске қосумен қатар, Цойдың аяқсыз қалған біраз ісін тындырып межесіне жеткізу керек-ті. Атап айтсақ, коронавирусқа қарсы вакцина алушылар қатарын арттырып, отандық QazVac препаратын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркетіп, Қазақстанның вакцина құжатын Ресейге мойындату, ревакциналауды жалғастыру қажет-ақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.