Шырша мен ойыншықтар бағасы қазірден-ақ қымбаттады
Елімізде Жаңа жыл қарсаңында шырша 20%-ға қымбаттады. Он күннен соң босағамызды аттайтын Барыс жылына дайындық қазірден-ақ қызып жатыр. Әдеттегідей мереке келгенде бағалар шарықтап, шырша мен ойыншықтар құны аспандап тұр.
Автор: Салтанат Шырынхан
21.12.2021
Бұған жасанды қылқан жапырақты ағашты өндіретін елдердегі шикізаттың қымбаттауы себеп екен. Бізге жеткізілген шыршалардың барлығы Қытай мен Ресейде жасалынады. Биыл 350 мың теңгеге дейін жеткен жасанды жасыл желектің саудасы жайлы:
Мереке десе мейірлене түсетін жұртшылық тәуелсіздік күнін тойлай сала жаңа жылға дайындықты бастап кетті. Дүкен-базардағы азық -түлікпен қоса, шырша мен безендіретін ойыншықтардың бағасы да сол мезетте аспандаған. Мерекелік дастарханға қамданбастан бұрын, бала-шағаның көңілі үшін шырша іздеген халық бағаны көріп таң қалары анық.
Жасанды шыршалар желтоқсан айы басталмай жатып сатылымға шыққан. Биыл биіктігі 60 пен 90 см-ден аспайтын аласа шыршалар сұраныста. Сондай-ақ, мына тұрған «Женева» атты бүршіктері бар қар басқан және «Лесная красавица» атты көк шыршаны жұртшылық көптеп сұрайды екен. Ал бұлардың бағасы 17 пайызға қымбаттаған.
Ян Цыцура, сауда желісінің жаттықтырушы-менеджері:
- Ең кішкентайлары 2000 теңге мен 17 мың аралығында. Олар 10-15 пайызға өсті. Ал 100 см-ден жоғарылары 20-пайызға қымбаттады. Сондай-ақ, біздегі шыршалар 50 мыңнан басталып 350 мыңға дейін саудалануда. Барлығының бағасы ұзындығы мен түр-түсінен бөлек, әсіресе сапасына байланысты.
Қаладағы сауда үйлерінде сатылатын шыршаның ең биігі 4 жарым метр. Жұрт көбінесе пәтерлеріне шағын шырша сұрап келетіндіктен, алып ағаштар биыл дүкенге қойылмапты.Ресейлік өндірушілер де жасанды қылқан жапырақтың қымбаттағанын растап отыр.
Андрей Фальгаров, Ресейлік шырша өндіру компаниясының бас директоры:
- Шыршалар 12 пайыздан 25 пайызға дейін қымбаттады. Ресейлік өндірушілер шыршаға қажетті құралдарды Қытайдан алады. Онда барлық материалдың бағасы өсіп, шыршаның да қымбаттауына әсер етіп жатыр. Бұған қоса, электр энергиясы мен шикізаттың қымбаттауы басты себеп. Егер біз сырттан ешқандай жабдық кіргізбей, ішкі өніммен өндірсек аса бір бағаның көтерілгені байқалмас еді.
Жылына бір келетін мереке үшін ақшасын аямайтындар міндетті түрде ойыншығын да қоса ала кетеді екен. Безендіруге қажет заттардың бағасы батпандап өсуде. 31-желтоқсаннан кейін керек болмай қалатын тауары үшін жаңа жыл тақағанда саудагерлер жеңілдік жасап, баға біршама төмендеуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!