Атырауда «Жібек жолы» компаниясы 150-ден астам тұрғынды алдап кеткен
Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алмайтын болды. Атырауда «Жібек жолы» құрылыс компаниясы 150-ден астам тұрғынды сан соқтырып кетті. Желтоқсанда пайдалануға беріледі деген көп қабатты нысанның әлі бүгін-ертең бітетін түрі жоқ. Тіпті қазір құрылыс та тоқтап тұр.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
21.12.2021
Ал жаңа жылда қоныс той жасаймыз деп жоспарлағандар компания басшысы ұшты-күйлі жоғалды деп шу шығарды.
«Нұрсая» ықшамауданындағы бұл нысанның құрылысы тоқтап қаңырап тұрғанына екі-үш ай болған. Бір жыл бұрын 100-ден аса адаммен келісімшартқа отырып, уәдені үйіп төккен компания басшыларын жұртшылық таппай қалған. Ал кеңсеге барса қызметкерлері дұрыс жауап бермейді екен. Себебі олардың да айлық алмағынына біраз болған.
Динара Татубаева, Атырау қаласының тұрғыны:
- Ішінде жұмыс істейтін қыздар, үйді сатып отырған қыздардың өздері жалақысын ала алмай жүргеніне екі ай болған. Олар бізге ештеңе жауап бере алмайды. Басшыларының өздері жоқ. Телефон көтермейді. Бізге дұрысын айтпайды.
Еш жерден тұшымды жауап алмаған үлескерлер компания кеңсесіне баса-көктеп кірді. Алайда ғимаратқа «Жібек жолы» емес «Каспий хаузинг» құрылыс компаниясының өкілдері жайғасып алған. Өздерін инвестормыз деп таныстырғандар қазір тексеріс жүргізіп жатқан айтты. Егер барлығы реттелсе көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстарын жалғастырамыз дейді.
Асхат Әділов, құрылыс компаниясының өкілі:
- Берген 150-180 мың ақшаға мынау симайды. Ертең біздер алатын болсақ шығынды санап айтамыз: Көтеріледі цена. Келісетін болсаңыздар біздер аламыз! Егер көпшілік жоқ біз келіспейміз десе біз кетеміз. Алмаймыз. Біз инвестормыз! Біздің құрылысқа еш қатысымыз жоқ!
Алайда үлескерлер бағаның қымбаттамауын қалайды. Егер әр шаршы метр құны көтерілсе үйге салған ақшамызды қайтарып берсін деген талап қоюда.
Әлфинұр Әбуғалиева, Атырау қаласының тұрғыны:
- Рас, біз 100 пайыз салып тастадық. Маған сол үшін жеңілдік болды. Қазір бізге ұсынып отырған бағасы 28 млн. Сұмдық! Жаңа инвестор екі есе сұрап тұр. Бірақ олар осы бағаға сатып ала алмайды. Сол үшін олар сондай ақша сұрап тұр. Біздер ондай ақшаны қайдан табамыз?
Түрлі себеппен ғайып болған «Жібек жолы» компаниясы қалалық сәулет бөліміне де құжаттарын толық өткізбеген екен. Заңды белшесінен басқандарды қазір әкімдік өкілдері іздестіріп жатқан көрінеді.
Фараб Қуанышқалиев, Атырау қаласы сәулет және құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Заң бойынша әрбір адаммен пай шартына отырғаннан кейін сәулет бөлімінде тіркелу керек. Он күн жұмыс күні ішінде. Ол бойынша тіркелмеген. Тексеріп шықтым. Тіркеуден өтпеген. Енді мынау бойынша қазір өкілдерінің ЖСК тауып алып қандай мерзімде іске асыратынын, құрылысты бастап-бастамайтынын анықтаумыз қажет.
Әкімдік үйсіз қалғандарға ревизорлық комиссия құрып, тиісті органдарга шағым түсіруден басқа шара жоқ дейді. Ал миллиондаған ақшадан қағылған үлескерлер тікелей сотқа шағымданамыз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!