Алматы облысы: Әуежай маңындағы жер иелері сотқа шақырыла бастады
Алматы облысында әуежай маңындағы заңсыз сатылған жер иелері сотқа шақырыла бастады. Жерігілкті билік стратегиялық нысанға жақын 14 жер телімі мемлекеттік тіркеуден алынсын деп сотқа шағым түсіріпті.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
21.12.2021
Ал тірнектеп жинаған ақшасына үй салып үлгергендер әкімдіктің бұл әрекетіне наразы. Арасында "Бек Эйр"-дың ұшағы соғылған үйдің иесі Решет Қалибек те бар. Ол әкімдік уәде еткен өтемақыны әлі күнге ала алмай жүр екен.
Әйгерім Жұмаділова алты жыл бұрын Алматы әуежай маңынан 2 млн теңгеге жер алып үй салған. Бірақ көпбалалы отбасының сол қуанышы ұзаққа бармай, соттан келген қағаз су сепкендей басты.
Әйгерім Жұмаділова:
- Соттан қағаз келіп шақыртты. Кішкентай баламмен декретте отырмын. Жұмыссызбын. Күйеуім ғана жұмыс істейді. Үйді жаңадан салған кезде кетіңдер десе кетер едік. Енді қазір үйдің бәрін бітірдік. Су, жарықты да тарттық. Өз ақшамызға. Бар тапқанымызды несиеге төлеп жатырмыз. Маған енді кет десе, төрт баламмен қайда барамын.
Әйгерім сынды әуежай жанынан жер алған 14 адамның дегбірі қашқан. Олардың жерлерін заңсыз сатқаны үшін бес экс-шенеунік пен риэлтор жеті ай бұрын түрлі жаза арқалаған болатын. Осы үкімнен кейін облыс әкімдігі даулы жер учаскілерін мемлекеттік тіркеуден алып тастау туралы сотқа шағым түсіріпті. Шенеуніктердің бұл әрекетінен соң тұрғындар жанын қоярға жер таппай жүр. Өйткені, көбі жерге үй салып үлгерген.
Жарқын Хасенов:
- Біз ешқандай махинация жасаған жоқпыз. Ұрлаған жоқпыз. Сатып алдық. Нотариусқа тіркедік. 08.33 Ұшақ құлағаннан кейін осы басталды. Оған дейін бізді ешкім мазалаған жоқ. Жерлерің заңсыз. Әуежайдың маңы деп ешкімді бізді тоқтатып тастаған жоқ. Үйдің ішкі жұмыстарын істейік десе мына жағдайды күтіп тұрмыз. Ертең аяқ асты босат деп тартып алса. Трактор келіп итеріп тастаса не істей аламыз.
Ұшып-қону жолағынан 100 метр қашықтықта коттедж қалашығы да тұр. Бірақ оларға әзірге соттан ешқандай хабарлама келмегені қарашаның көңіліне күдік ұялатқан.
Сотқа шақырылғандардың қатарында Бек Эйр ұшағы құлаған үйдің иесі де бар. Мен қазір сол әуе апаты болған жерде тұрмын. Решет Қалибек сау-тамтығы қалмай, қирандыға айналған баспанасын өз күшімен бұзып басқа жерге көшіріп әкеткен. Оған уәде етілген өтемақы да әлі күнге дейін төленбепті. Енді ол әкімдіктегілер жалғыз жерімді тартып алуды көздеді ме деп күйінеді.
Решет Қалибек:
- Өтемақы береміз деп айтқан. Сен уайымдама ешқандай. Шығынның барлығын төлеп береміз деген. Жолан мырза қайтыс болғаннан кейін ол әңгіме жабылды. 14 мың долларға алғам жерді. Үйге 8 миллион кетті. Қазір Шелекте інімнің үйінде тұрып жатырмын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан. Халықты тыңдайтын әкімдік жасақтаңдар деп. Талғар ауданының әкімдігі халықты тыңдайтын емес халықты қанайтын әкімдік болып жатыр.
Талғар ауданының атқамінерлері шулаған халыққа сот шешімін күтуге шақырды. Ал Решет Қалибектің шығынын өтейсіздер ме деген сұраққа әкім орынбасары жауап бермей, кетуге асықты.
Ал жауапты басқарма өкілдері заң бойынша әуежайдан 500 метр радиуста қандай да бір нысан салуға рұқсат жоқ деп отыр. Әкімдіктегілер мақсатымыз заңсыз саудаға салынған жер телімдерін босату екенін жеткізді. Олар 14 жер телімімен шектелмейміз деп сендірді.
Арман Кәрібаев, Алматы облысы жер пайдаланылуы және қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Заң бойынша әуежай аумағынан 500 метрде ешқандай құрылыс болмау керек. Өйткені олар әуежайдың жұмысына кедергі келтіретіні заңда көрсетілген. Жер учаскілерінің көлемі 5,8 гектар. Осы талап-арыз қаралған соң басқа заңсыз жер учаскілеріне басқа шағым түсіреміз.
Алайда қала сыртынан арзан жер алып, үй тұрғызған қараша соңына дейін күресуге бекінген. Енді осы мәселенің нүктесін алдағы уақытта сот қоятын болады.
«Фоккер-100» ұшағы тура екі жыл бұрын осы заңсыз сатылған жерде салынған үйге соғылды. Апаттан 12 адам қаза тауып, 52 жолаушы жараланды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!