ДСМ: Жандос Бүркітбаев қаңтар айына болжам жасады
Коронавирусқа қарсы екінші ресейлік вакцина желтоқсан айының аяғында жеткізілетін болды. «Спутник Лайт» препаратының қанша дозасы әкелінетіні әзірге белгісіз. Келіссөз жүргізіп жатқан денсаулық сақтау министрлігі вакцинаға деген сұраныстың жоғары болуы кедергі келтіріп жатқанын алға тартты.
Автор: Әзиза Ғазезқызы
22.12.2021
Жалпы елдегі эпидахуал жақсарған. Қауіпті «қызыл» аймақта ешқандай өңір жоқ. Дегенмен бұл арқаны кеңге салуға себеп емес дейді мамандар. Өйткені алда ұзақ демалыстар бар. Мерекелік кештер, жиын-тойлардың соңы ауруды қайта ушықтыруы мүмкін. Цойдың орнын уақытша басқан Жандос Бүркітбаев та әртүрлі сценариймен қаңтарға болжам жасады.
Алексей Цойдың орнын басқан Жандос Бүркітбаев Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы ретінде алғаш рет төбе көрсетті. Шенеунік сандардан жаңылып қалмайын деді ме, әлде әріптестерінің мысы басты ма, кідіріп-мүдірсе де баяндамасынан бас көтермеді. Дауысының дірілін Мәмин мен оның қоластындағы министрлер елемеген сыңайлы.
Қалай болса да, Жандос Бүркітбаевтың қағазы жақсы жаңалыққа толы екен. Лауазым иесі Алексей Цойдың салған сара жолымен сценарий жазуды ұмыт қалдырмапты. Қазақстанда қауіпті індет оптимисттік бағытта өрбіп жатыр.
Бүркітбаевтың сөзінше, елімізде соңғы екі аптада сырқаттану деңгейі 31 пайызға төмендеген. Ауруханаларда төсек-орынға деген сұраныс жоқ. Ал соңғы үш айда КВИ жұқтырушы науқастардың саны төрт жарым есеге азайыпты. Дегенмен эпидахуал қайта ушықса, қаңтарда күніне 3 мың адам вирус жұқтыруы мүмкін.
Жандос Бүркітбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы:
- Науқастардың 96 пайыздан астамасы емделіп шықты. 18852 науқас емдеу жалғастырып жатыр. Жалпы Қазақстанда соңғы төрт айдың сырқаттануында 16 есе төмендеді. Репродуктивті саны 0,9 және тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмендегені байқалады.
Республикада «қызыл» аймақта тұрған өңір жоқ. Тек Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары «сары» түстен арыла алмай жатыр. Үкімет басшысы эпидахуалды алдымен шекаралас аймақтарда ушықтырып алмау керек дейді. Вакциналау мен екінші қайтара вакцина салдыру мәселесі министрлер кабинетінің күн тәртібінде.
Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрі:
- Көптеген елдерде жаңа штамға байланысты кезекті толқыны басталып жатыр. Әлемде вирустың жаңа штамының тез таралуына байланысты ғимараттардың ішінде қауіпсіздік, қоғамдық көлікте маска кию, адамдар көп жиналатын жерлерде әлеуметтік арақашықтықты сақтауға аса назар аудару қажет. Қазіргі уақытта шамаман 9 млн адам 1-компонент салдырды, бұл 18-ден асқан халықтың 80 пайызына жуығы. Ал 8,4 млн астам адам 2-компонент салдырды. Бұл, шамамен, 75 пайыз.
Таяуда қазақстандықтардың вакцина бойынша таңдауы кеңейеді. Жылдың соңына дейін ресейлік «Спутник Лайт» препараты келмек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген. Келіссөздер нәтижелі болса, ол Қарағандыдағы фармацевтикалық зауытта өндіріледі. Осылайша министрлік елімізде таралған дельта, альфа штамдарына төтеп беруді жалғастыра бермек.
Ал әлемді дүр сілкіндірген оңтүстікафрикалық "омикрон" штамы Қазақстанда әзірге тіркелген жоқ. Бірақ шенеуніктер жаңа штамнан гөрі, алдағы мерекеден қорқып отыр. Жаңажылдық кештер, ұзақ демалыс, оқушылардың каникулында індет өршіп кете ме деп алаңдайды. Не дегенмен әлемде короновирустың тағы бір толқыны өтіп жатыр. Нешіншісі екенінен жаңылайын дедік. Қалай болғанда да еліміздің Денсаулық министрлігінің оптимистік сценариі алған бағытынан таймаса болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!