{metadescription}
Елордадағы аутист балалар сорғалаған су астында емделуге мәжбүр
Елордадағы аутист балалар сорғалаған су астында емделуге мәжбүр

Елордадағы аутист балалар сорғалаған су астында емделуге мәжбүр

Елордадағы аутист балалар сорғалаған су астында емделуге мәжбүр. Тұрғын үй кешендерінің бірінде орналасқан оңалту орталығының төбесінен үш айдан бері су ағып тұр. Жөндеу жұмыстарының жақында жасалғанын да сену қиын.

Аязға ескі құбырлар шыдас бермей су аққанын тұрғындар да мойындайды. Бірақ жауапкершілікті мойнына алып, дімкәс балаларды судан құтқаруға ешкім асығар емес.

Марина Түстікбаеваның иелігіндегі аутизм орталығы тамыздан бері тамшылап емес, жоғары қабаттан шелектеп құйылатын судан көз ашпай келеді. Осымен сегізінші рет су астында қалған оңалту орталығында оңған зат қалмапты. Төбесі сарғайып құлаған, еден борсып кеткен, тіпті қабырғалары дымқыл тартып тұр.

Марина Түстікбаева,  оңалту орталығының директоры:

Бұл бірінші рет боп тұрған жоқ. Өз күшімізбен тазалап аламыз. Соңғысында төбе құлады. Балаларды  басқа бөлмеге апардық. Құдай бетін ары қылсын, олардың өмірі мен қауіпсіздігі маңызды. Құлаған төбені өзіміз көтеріп далаға шығардық. Суға малынған кілемдерді жайып, жиһаздарды жылжыттық. 

Орталықта аутизмге шалдыққан 2-12 жас аралығындағы 45 бала емделеді. Ерекше күтім қажет ететін балалардың судан жапа шеккені аздай, тұрғын үйдің пәтер иелері кооперативі оларды жарықсыз қалдыруды әдетке айналдырған.

Құрылғылардың біреуі 6 миллион теңге тұрады, соның көмегімен балалар есту қабілетін дамытады. Біресе өшіп, біресе қосылатын жарықтан осындай қымбат құрылғы жанып кетіп жатыр. Соның кесірінен балалар енді ғана естіп үйренгенін лезде ұмытып, анасының да дауысын танудан қалған. Төбеден су ақса, тимесін деген оймен орталықтағылар жұмыс аяқталғанда құрылғыларды целлофанмен жауып кетіп жүр.

Оңалту орталығының үстінде тұратын пәтерге Марина бірнеше рет барған. Көршісі өтінішіне құлақ аспапты. Құбырларды пәтер иелері кооперативі жаңалауы тиіс деп есептейді екен. Үйдің қожайыны сөйлесіп көрмек болдық, бірақ...

Көпқабатты үйдің тұрғындары берекесіз тіршілікке еті үйренген. Базынасын пәтер иелері кооперативіне сөзі жүрмейді. Негізінен подъездегі құбырларды осы үйдің тұрғыны жаңасына ауыстырған екен. Алайда су бәрібір ағып жатыр. Содан жеделсаты да істен шыға береді.

Нұрия Мерекенова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Тұруға ыңғайсыз. Көршілеріміздің мына жерде құбыры жарылыпты. Содан бері, міне, 2-желтоқсаннан бері бізде лифт істемейді. Мен өзім 10-қабатта  тұрамын. Зейнеткермін. Міне, емханаға емделуге барып жүрмін. Күнде-күнде екі-үш рет түсемін. Енді көтеріліп келе жатырмын. Әкімдікке хабарласыпты, көршілеріміз, бірақ жауап жоқ.

Кооперативтегілер бастапқыда жауап беруден жалтарып, кейін мән-жайды түсіндірді. Су кеткен пәтер, бүлінген жиһаз, сыз тартқан қабырға үшін жауапкершілік алмайтынын айтты.

Екатерина Кравикова, пәтер иелері кооперативінің басшысы:

- Біріншіден, су кеткен пәтердің құбыры ескірген. Оны пәтер иесі өзі ауыстыруға кіріскен. Мүмкін ол диаметрлері сәйкес келмейтін құбыр алған шығар. Жаңа құбырлар келетін жылудың күшіне есептелмеген болу керек. Судың температурасын көтере алмаған, құбыр жарылып кеткен.

Жауапкершіліктің бәрін пәтер иесіне артқан кооператив жаңа заң жобасын алға тартып отыр. Қаулы бойынша жеке аумақтағы кез келген төтенше жағдайға сол жердің иесі жауап береді.

Ал Есіл ауданының әкімдігі: «Тұрғындар кінәлі пәтер иесін сотқа беру керек» - дейді. Оңалту орталығы әлі де «ары тартса арба сынады, бері тарса, өгіз өледінің» күнін кеше беретін сыңайлы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде