Шенеуніктер: Азық-түліктің қымбаттағанына коронавирус кінәлі
Індет аяқталмайынша, баға тұрақтамайды! Азық-түлік құнының күн сайын құбылуын шенеуніктер енді вируспен байланыстырып отыр. Дәлірек айтқанда, пандемия кесірінен қиындаған тасымал себеп екен.
Автор: Елдос Есенбол
23.12.2021
Шетелмен алыс-беріс уақтылы іске аспаған соң баға да шарықтап жатыр дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы. Ал отандық тауар бағасының қымбаттауына жол шығынымен қатар саудагерлердің сараңдығы да кері әсер етіпті.
Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Отандық өнімнің қымбаттағанының өзіндік бір негізі бар. Әрине, теміржол тасымалы, бензин, электр қуаты, шикізат бағасы қымбаттады. Бірақ, бір жағынан сөз байласу да бар.
Ал Бақыт Сұлтанов болса, Жұманғариннің айтқанымен келіспейтін секілді. Шенеунік көптен бері базар аралап азық-түлік алмаған да сыңайлы. Өйткені сауда және интеграция министрі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы арзандаған деп отыр. Десе де кейбір тауарлардың қымбаттағанын мойындаған министр оның себебі – елдегі өндіріс пен тұтыну көлемінің сәйкес келмеуі деп ақталды.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Бес аптаның ішінде баға тұрақтанды. Осы аптада қазір алдын ала деректер бойынша бағасы 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша 0,2 пайызға тағы да төмендеді. Тауардың өндіру көлемі ... тұтыну көлемі бойынша 6 тауарда бізде тәуекел бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!