COVID-19: Алматыда екі есе жұқпалы «дельта плюс» штамы анықталды
Алматыда коронавирустың «дельта плюс» штамы анықталды. Мамандар қауіпті кеселдің бұл түрі екі есе жұқпалы екенін айтады. Ал қаланың бас санитар дәрігері елді дүрліктірген «омикрон» штамы қаңтар айының ортасында келеді деп болжам жасап отыр.
Автор: Мақсат Мәлік, Айман Нұрмағамбет
23.12.2021
Жандарбек Бекшин сол себепті тұрғындар арасында ревакцинациялауды жеделдету қажет деп отыр.
«Омикрон» штамы жоқ демеңіз, жар астында. Осындай ойды меңзеген Алматының бас санитар дәрігері вирустың қауіпті түрі тіркелген елдерден қалаға 1600 тұрғын оралғанын айтады. Қазір арасында КВИ жұқтырған 6 адамның сынамасы жете зерттеліп жатқан көрінеді. Барлығы Германиядан келіпті.
Жандарбек Бекшиннің болжамынша, алдағы қаңтар айының ортасында науқастардан «омикрон» анықталуы мүмкін. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені мамандар Алматыда коронавирустың «дельта плюс» штамы табылғанын ескертті. Кеселдің бұл түрі еке есе жұқпалы әрі өте қауіпті дейді дәрігерлер.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
- Тамыз айынан бастап қазірге дейін науқастардың симптомдары өзгерген. Осыған байланысты және секвинирлеуге байланысты қазір «дельта плюс» шығып шатыр. «Дельта плюстің» қалада ауырғандар үлесі 20-25 пайыз.
Десе де мамандар эпидахуал тұрақты деп сендіреді. Мәселен, Маңғыстау облысында соңғы тәулікте екі адам КВИ жұқтырыпты. Стационарларда науқас саны екі есеге жуық азайыпты. Өкінішке қарай бұл өңір екпе салдырудан соңғы орында келеді. Облысқа жеткізілген 93 мың 600 доза «Пфайзер» вакцинасының 3 мыңнан астамы ғана егіліпті. Ал көрші елдерде жағдай әлі тұрқасыз екенін айтқан дәрігерлер сақтық шараларын аяқ асты етпеуге шақырады.
Ғазиз Надуев, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
- Көп мемлекеттер осы «омикронның» таралуына байланысты қатаң локдаун жариялауда. Сондықтан да біз маңғыстаулықтарға әлі де бетперде тағу тәртібін сақтау керек дейміз. Әлеуметтік арақашықтықты сақтап, мерекеден аман-есен шығып, ауру жұқтырмауға шақырамыз.
Ал «сары» аймақтағы Солтүстік Қазақстан облысы әлі күнге дейін вирус жұқтырудан көш бастағандардың қатарында тұр. Бірақ ақ халаттылар Қызылжар өңірінде күнделікті тіркелетін науқас саны екі есеге азайғанын айтады. Бір қуанарлығы, аймақта екепе кабинетіне келетін тұрғын саны көбейіп, ересектердің 70 пайызы вакциналаудан өтіпті. Жеткіншектер мен емшектегі баласы бар әйелдердің белсенділігі де жоғары екен. Алайда аяғы ауыр келіншектер екпеге салғырт қарап отыр дейді мамандар. Өйткені әзірге 145 болашақ ана ғана вакциналаудан өтуге шешім қабылдаған.
Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Алғашқы екпе алғандардың арасында ауру өршіген. Егер ревакциналау болмаса, қайта вакциналауға жататын медицина қызметкерлері, мұғалімдер, күш құрылымдарының қызметкерлері түсе бастайды деп санаймыз. Қазір ревакциналауды ретке келтіріп, мерзімін 9 айдан 6 айға дейін қысқарттық.
Ал мамандар елді дүрліктірген «омикрон» штамының алдын алу тұрғысында қорғаныстың тиімділігін 50 пайызға арттыру керек деп есептейді. Ол үшін ревакциналауды жеделдету ауадай қажет.
Жаңа жыл қарсаңында мерекелік кештерді сырт айналып, мейрамды отбасында қарсы алуға кеңес береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!