Юрий Ильин: Миллионнан аса жалақым тынбай еңбек етуімнің жемісі
Төтенше жағдайлар министрі қарапайым құтқарушыдан неге он есе көп айлық алатынын түсіндірді. Юрий Ильиннің пікірінше, миллион теңгеден аса жалақы өзінің күндіз-түні тынбай еңбек етуінің жемісі. Өрт сөндірушілер тәуліктік жұмысқа екі-үш күн демалып шықса, мен тәулігіне 24 сағат жұмыс істеймін дейді министр.
Автор: Әзиза Ғазезқызы
23.12.2021
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Егер нақты түсіндіретін болсақ, өрт сөндірушілер тәуліктік жұмысқа екі-үш күн демалыстан кейін шығады. Ал министр тәулік бойы кейде 24 сағат қызмет атқарады. Министрдің жауапкершілігі қатардағы өрт сөндірушіден кем емес. Биыл қатардағы өрт сөндірушілердің жалақысы 20-дан 50 пайызға дейін көбейді. Келесі жылы жалақыны 29 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
2020 жылы төтенше жағдай қызметкерлері еншісін алып бөлек шыққанда құтқарушылар бөрігін аспанға атып қуанған. Бірақ жаңа ведомствоның құрылуы жағдайды сол күйі оңалта алмаған сыңайлы. Юрий Ильин қызметкерлерінің жалақысы өте төмен екенін білсе де, «өсіреміз» деп уәде беруден арыға аса алар емес. Министр осы жолы да уәдені үйіп-төкті. Өзінікіне жетпесе де, 2023 жылға дейін өрт сөндірушілер басқа күштік құрылымдардан айлық мәселесінде ұялмайтын болады дейді Ильин. Қазір құтқарушылардың орта жалақысы 140 мың теңге шамасында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!