{metadescription}
Алматыдағы жаңа көпір тұрғындарды тығырыққа тіреген
Алматыдағы жаңа көпір тұрғындарды тығырыққа тіреген

Алматыдағы жаңа көпір тұрғындарды тығырыққа тіреген

Алматыдағы «Ұлжан» ықшамауданының тұрғындары Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы көпір пайдалануға берілгелі қалаға шығу азапқа айналғанын айтады. Шулаған халық күнделікті жүретін көшеміздің бағдаршамы істен шығып, ереже өзгерген деп қапалы.

Соның салдарынан қараша көлікпен де, жаяу да жер-көкті айналып жүруге мәжбүр. Жақында осы жолды қысқартамын деп көшені кесіп өткен үш адамды көлік қағып, біреуі ажал құшты. Қайғылы жағдай көбейе ме деп қауіптенген қарашаның талап-арызын тілшіміз тыңдап қайтты.

Апта басында Рысқұлов даңғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысындағы бағдаршам өшіріліп, ереже өзгертілген болатын. Соның салдарынан «Ұлжан» мен «Дархан» ықшамауданының тұрғындары тығырыққа тірелген. Екі күн бұрын жолды кесіп өтпек болған үш жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен. Жол апатынан зардап шеккен үш адамның біреуі оқиға орнында көз жұмды.

Қайғылы жағдайды естіген тұрғындар өре түрегелді. Әсіресе 20 мыңнан астам түтіні бар «Ұлжан» ықшамауданының жұрты күн сайын осы көшемен жұмысқа, балаларын сабаққа зуылдатып апарып үйренген. Жаңа жолайрық пайдалануға берілгелі діттеген жерге жету азапқа айналды дейді бұқара. Наразы топ алдағы уақытта жол апаты жиілеп, адам шығыны көбейе ме деп қорқады.  

Айжамал Сүлейменова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Негізгі біздің тынысымыз осы жол болатын. Оны жауып тастады. Жастар кешке өтеміз деп көліктің астына түсіп жатыр. Ол жүргізушіге және адамның өміріне қауіпті.30 секундқа мына бағдаршамды қосып берсін. Тиімді жол. Осыны ашып берулеріңізді өтінеміз.

Айдос Оралқажыұлы, Алматы қаласының тұрғыны:

- Кішкентай аралықты өту үшін бір жарым, екі сағат кетеді. Рысқұлов көшесін кесіп өту бізге қиын болып кетті. Ал жаяу жүретіндер 30 метрді өту үшін 800 метр былай, 200 метр өтіп, сосын тағы 800 метр былай барлығы – 1,5 шақырым жүру керек. Үлкен қиындық туғызып жатыр. 

Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы көпір көлік қозғалысын қиындатты дейді қараша. Өйткені бұрыңғы бағытпен жүре алмаған ұлжандықтар қала орталығына жолайрық арқылы баруға мәжбүр.

Асқарбек Сапарбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Көпірді салды ғой. Сол үшін жаптық деп жатыр. Емцов көшесіндегі көпірге барып көріңіздер. Қалаға шығу мүмкін емес. Барлығы айналып, сол жаққа барып кептеліске тұрып жатыр. Оқушылар, студенттер бар. Күнде сабаққа кешігіп барамыз. Жолды жауып кептелістен құтыла алмаймыз. Жолды ашып қана кептелістен құтылуға болады. Жолды ашу керек.

Жолға жауапты басқарма өкілдері бетонмен жабылған Тілендиев көшесін ашпаймыз деп кесіп айтты. Тек жаяу жүргіншілер үшін жол үсті өткелін салып беру жоспарланғанын жеткізді.

Данияр Надырханов, Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Шағымдар түсіп жатыр. Рысқұлов даңғылынан өтетін жол үсті өткелінің құрылысын қарастырамыз. Келесі жылы жобалау жұмыстарын жоспарға енгіземіз. Көлікпен жүретіндер енді Рысқұлов даңғылы магистраль ғой. Жолайырық не үшін салынды? Кептеліс болмас үшін бағдаршам өшірілген болатын. 

Әкімдіктегілердің жауабына көпшліктің көңілі толған жоқ. Сондықтан "қыруар қаражатқа салынған жолайрықтың пайдасы жоқ" деп кіжінген халық түйткіл шешілмейінше, наразылық шарасын жалғастырамыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде