Transparency Kazakhstan: Еліміздегі жемқорлардың портреті жасалды
Transparency Kazakhstan еліміздегі жемқорлардың портретін жасады. Ауызбастырық алатындардың басым бөлігі 26-39 жас аралығындағы ер азаматтар екен.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
24.12.2021
Парақорлық басшылық қызметіндегі адамдардың арасында көп. Сарапшылар әйелдер мен қарапайым халық арасындағы жемқорлықты да жіті зерттепті.
Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 83 пайызын ер азаматтар, қалғанын әйелдер жасайды. Әсіресе 26-дан 39 жасқа дейінгі жігіттер қалтасын қампайтуға бейім екен. Жемқорлық ісіне кінәлі болған әйелдердің жас шамасы 22-62 жас аралығында.
Ел бойынша пара алғандар Алматы облысы, Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында көп тіркелген.
Ішкі істер министрлігі, әкімдіктер және мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері параға, ақша бопсалау мен қызметін асыра пайдалануға бір табан жақын.
Қарапайым халық арасында да ауызбастырық алатындар баршылық. Көлік жүргізушілері, кәсіпкерлер мен компания директорлары істі болған. Мыңдаған жемқордың кесірінен мемлекетке келтірілген шығын көлемі орасан. Жемқорлардың әлеуметтік портретін жасауға соңғы екі жылдағы мың жарымнан аса дерек негіз болды десек, залал сомасы 40 миллион теңгеге жуықтайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!