Жанжалдан қорғанамын деп күйеуіне пышақ сұққан – Алматы облысы
Кінәлі жазасын алсын! Алматы облысында отбасында ұрыс кезінде қорғанамын деп әйелі күйеуіне пышақ сұққан іс алға жылжымай жатыр. Марқұмның жақындары келініне кінә артпайды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
24.12.2021
Сол күні жарақатпен ауруханаға жеткен бауырын дұрыс қарамай үйіне қайтарып жіберген дәрігерлерді айыптайды. Жарты жылдан бері сергелдеңге салған істің мән-жайын білу үшін бүгін кезекті рет Талғар аудандық полиция бөліміне барды.
Аида Жетпісбаева қазанның соңынан бері тергеуші жауап беруін қойды деп ашынады. Қанша рет табалдырығын тоздырса да ешкім шықпаған. Бір түсінбейтіні, бауырының жарасын дұрыс таңбай, қансыратып үйіне жіберген дәрігерлерді әлі күнге ешкім жауапқа тартпаған.
Аида Жетпісбаева:
- Сұрақтарыма жауап ала алмай жүргеніме жарты жылдан асты. Қандай куәгер, қандай сараптама тағайындағандарын айтпайды. Бұл, әрине отбасылық трагедия. Әйелін кінәламаймыз. Қорғанамын деп осындай қадамға барды. Бастысы, бауырым жедел жәрдем көлігіне өз аяғымен барған. Оған салғырт қараған дәрігерлердің жазаға тартылуын талап етемін! Олар үйге жібергеннен кейін екі күн өткен соң қайтыс болды. Сорақысы сол, дәрігерлердің ешқайсы әлі жауапқа тартылмаған.
Күйеуінен құйқай көріп соңғы рет төмпештегенде қорғанамын деп пышақпен жарының жауырынын жаралаған Әлия Жанғожина жайлы осыған дейін айтқан едік. Бұл істе енді оны күдікті деп тани ма деген күдігі әлі сейілмеді.
Талғар аудандық полиция бөлімі істі жылжытуға асықпайтындай. Оқиға тамыз айында болғанмен дәрігерлердің іс-әрекетіне баға беретін комиссияға өтінімді қазанның аяғында бір-ақ жіберген. Содан бері жауап болмай, қылмыстық іс қозғай алмай отырмыз деп жайбарақат жауап берді.
Асхат Илгидаев, Талғар ауданы ПБ бастығының орынбасары:
- Дәрігерлерді тексеретін ұйымға жібердік. Екі ай болып қалды. Әлі келген жоқ. Келгеннен кейін барып олардың берген қорытындысымен дәрігерлердің үстінен іс қозғаймыз, шешеміз, қозғаймыз ба, қозғамаймыз ба, процессулады шешім.
Сағызша созылған іске әзір нүкте қойылмаған. «Қадағалауға алдық» деген полицейлердің сөзіне марқұмның жақындары да сенбейді. Бұл жайтқа ішкі істер министрлігінің араласып, кінәлілер жаза арқалағанын қалайды.
Ал Әлия Жанғожина бұл істе әзірге «қорғануға құқығы бар куә» ретінде жауап беруде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!