Сертификатқа сай емес петарда, отшашулар тәркіленеді
Жаңа жыл қарсаңында сатылып жатқан пиротехниканың сауда орындарына контрабанда жолымен жеткізілуі мүмкін. Төтенше жағдай қызметі мен полициядан құрылған жедел топ осындай күдікпен сертификатқа сай келмейтін петардалар мен түрлі отшашуларды тәркіледі.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
24.12.2021
Қазір Көкшетаудағы сауда орындарында шырша безендіретін түрлі-түсті ойыншықтармен қатар петардалардың саудасы қызып тұр. Рейдке шыққан жедел топ оларды шетінен тексерген кезде саудагерлердің қолындағы сертификатта көрсетілмеген тауарларды анықтаған. Бүгіннің өзінде 250 қорап отшашу тәркіленді. Сертификатта көрсетілген тауар нөмірімен сәйкес келмейтін жаңажылдық жарылғыш ойыншықтар заңсыз жолмен жеткізілуі мүмкін. Контрабандалық пиротехника үшін делдал да, сатушы да заңмен жазаланады. Ал тұрғындарды құтқарушылар мерекеде отшашу ату кезінде сақ болуға шақырады.
Манат Бегалин, Ақмола облысы ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:
- Пиротехниканы дұрыс қолданбай өрт шығып, жазатайым жарақат алу жағдайлары жиі болады. Сондықтан шырша безендіргенде электр құрылғыларын пештен, басқа да жылытқыш құралдардан аулақ ұстау керек. Петардаларды сатып алғанда сертификатын қарап, тек қана зауытта шығарылғанын қолданған жөн. Ал бұл заттарды заңсыз саудалағандарға қомақты айыппұл салынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!