Көкшетау тұрғындары төбесінен төніп тұрған краннан үрейі ұшып жүр
Көкшетауда төбесінен кран төніп тұрған жер үйлердің тұрғындары құрылыс компаниясының әрекетіне қарсы шықты. Ерсілі-қарсылы айналып тұрған құрылыс техникасының темір ілмегі олардың көз алдынан күнде сырғып өтеді екен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
24.12.2021
Жер үйдің тұрғындары «тынышымызды бұзды» деп құзырлы органдарға шағымды бірінен соң бірін жөнелтіпті. Сөйтсе тоғыз қабатты үй тұрғызуды бастап кеткен «Комфорт Строй 2020» серіктестігінің құрылыс жүргізуге рұқсаты жоқ екен.
Жеке компанияға 39 сотық жер дәл осы маңнан өтетін көшесімен бірге жеке меншігіне берілген. Осындай «құрметке»ие болған серіктестік қазаншының еркіне салған сияқты. Құрылысқа рұқсаты болмаса да, кран орнатып жұрттың төбесінен төндіріп қойған.
«Өмірімізге қауіп төнді» деп шулаған тұрғындар компания құрылыс аяқталған соң жолымызды түгел жауып тастайды деп алаңдаулы. Өйткені сатып алған үйлер тұрған көше олардың иелігінде. Айтуларынша талай сөйлеспек болған оларды компания басшысы көзіне ілмеген. Бәрінен бұрын жел соғып боран тұрса, құрылыс краны басып қалуы әбден мүмкін екенін айтып прокуратураға шағымданып, күтпеген жауап алған.
Ержан Нығметов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Қолдарында ешқандай рұқсат, лицензиясы жоқ екен. Компанияның құрылыс жүргізуіне мүлдем құқығы жоқ. Оны прокуратура да, сәулет құрылыс бақылау басқармасындағылар да растады. Бірақ тамыз айынан бастап құрылысты бастап кеткен. Сонда не, рұқсатсыз тоғыз қабатты үйді тұрғыза беруге бола ма? Біз кран құлап кете ме деп қорқып жүрміз.
Шынымен бұл жерге тоғыз қабатты тұрғын үй салынуға тиіс. Бұл жеке компанияның коммерциялық жобасы. Көпқабатты үйдің іргетасын қалап та тастапты. Осыдан кейін прокуратура да, мемлекеттік құрылыс бақылау басқармасы да келіп тексерген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсаты болмаған соң айыппұл салынып, жұмысты тоқтатқан.
Ағзам Жұмабеков, «Көкшетау қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы:
- Иә, құрылыс жұмыстарын рұқсат қағаздарын алмай тұрып ақ бастап кеткен. Оларға айыппұл салынды. Қазір бірнеше тиісті құжатты рәсімдеп жатыр. Жобалау құжаты өткен жылы дайын болған. Енді жұмысты бастау үшін құрылыс бақылау басқармасынан да рұқсат керек.
Амир Балкуев, «Комфорт Строй»ЖШС директоры:
- Құрылысты бақылау басқармасынан қажетрұқсат талонынан басқа құжаттың бәрі бар. Біз бұл шулап жүрген көршілермен бағаға келісе алмадық. Жер үйлерін 150-200 миллионға бағалап тұр. Ондай бағаға сатып ала алмадық. Сол үшін үйдің жобасын өзгерттік. Уақыт қой, оның бәрі. Содан келіп биыл тым болмаса іргетасын қалауға асықтық. Иә, 400 мың теңге айыппұл төледік.
Компания басшысы тұрғындардың өз қызығушылығы бар. Әйтпесе жаңа іргетас әлі талай сараптамадан өтетінін, содан кейін ғана келер жылы құрылысты бастайтынын айтады. Ал «краннан қорқудың қажеті жоқ» деп отыр. Тұрғындар шағымдарымыз қанағаттандырылсын деген талаптан айнымай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!