Балаларды ұрып-соғып, шашынан сүйреген тәрбиеші тергеліп жатыр – Алматы
Оқтаумен ұрып, шашынан сүйреген! Алматыда балаларға қол көтерген жекеменшік балабақшаның тәрбиешісі жұмысынан қуылды. Қазір осы жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
27.12.2021
Ата-аналар мектепке дейінгі мекемедегі сұмдықты бейнебақылау камерасынан көріп, жағасын ұстаған.
Олар кішкентай баласына қол көтеріп, қорқытып-үркітіп қойған қатыгез тәрбиеші тиісті жазасын алып, «Сәби-бала» бөбекжайы жабылсын деген талап қойды. Аталмыш мекемедегі сорақылық қалай болған?
Балаларға зіркілдеп «ақымақ» деп айғайлап жатқан тәрбиешінің бұл видеосы алдымен WhatsApp желісіне таралған. Балабақша қызметкерінің осы қылығынан кейін ата-аналар бейнебақылау камерасын көтеріп, сорақылықтың көкесін көрген.
Кадрден тәрбиеші кішкентай қыздардың құлағынан тартып, шашынан сүйрегенін көруге болады. Мұнымен қоймай педагог оқтаумен тыныш отырған кішкентай бүлдіршіндерді кезек-кезек түрткілеп, қолындағы тәрелкемен бірінің басынан төпелеп жатыр. Осы видеодан кейін балабақшаға алып ұшып жеткен ата-аналар «балаларымыз долы әйелден қаншама ай бойы таяқ жеп келген» деп жыларман болды.
Гүлхан Оспанова:
- Видеоны көріп жыладым. Немеремнен сұрасам «балабақша бармасам, айтып берейін» деді. Расымен де, тәрелкемен, оқтаумен, белдікпен ұрады екен. Көзін сәл қимылдатса шашынан жұлып алады екен. Не деген сұмдық! Түрмеде істеу керек қой мына әйел. Ұлым мен келініме айтып келдім. Бала шошып оянады. Мына балабақшада бір нәрсе дұрыс емес деп.
Аруна Серікова:
- «Ұратынын сен неге айтпайсың?» десем, «апай айтпа деп айтты» дейді. «Ұрамын» деп айтыпты. Үйге жіберетін кезде балаларды «әкеңе айтсаң, шешеңе айтсаң, тағы ұрамын» деп қорқытады екен. «Өлтіремін» деп. Ұзын шпилка сияқтысы бар. Сонымен «көзіңді оямын, жоямын» деп неше түрлі айтады екен. Күшті тамақ ішіп отырған фотолар бар. Балалар тамақ ішіп отқаны. Ал шын мәнінде бала тамақ ішпей, аш жүреді.
Ал қатыгез тәрбиеші әбден шошынған балаларды ұрып-соғып қана қоймай, оларға күн сайын қымбат шоколад әкелуді бұйыратын көрінеді.
Әсем Мекеева:
- Менің қызым күнде дүкенге кіреді. «Апайыма шоколад ал» деп күнде алдыртады. Бәріміздің балаларымыз солай. «Рафаэлло», «Мерси» сынды қымбат шоколадтарды сұратады. Лицензиясынан айырып, мына балабақшаны жауып тастасын. Тәрбиешіге қатаң шара қолдансын.
Ашушаң келіншек Көкжиек ықшамауданындағы «Сәби-бала» жекеменшік балабақшасында екі жылдан бері жұмыс істейді екен. Мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі қатаң тәртібімен көпшіліктің ызасын туғызған педагогтың бұрын-соңды ерсі қылығын байқамадым деп отыр. Керісінше, басшы қарамағындағы қызметкердің 14 жылдық өтілі бар деп оған шаң жуытпай мақтауын асырды.
Анар Нұрсұлтанова, «Сәби-Бала» балабақшасының меңгерушісі:
- Екінші дәрежелі педагог. Екі жыл жұмыс істеді. Ешқандай ата-анадан шағым болған емес. Бұл бірінші рет тіркеліп тұрған жағдай. Балабақшада ол кісіні барлық ата-ана жақсы көреді. Парақшамызды көрсеңіз де сол кісі жайлы пікірлер өте көп. Балалар қуана келеді. Тәрбиешіні жақсы көреді. Білікті маман.
Балабақшадағы келеңсіз жайттан кейін тасжүрек тәрбиеші қызметінен босатылды. Қазір «кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Болған деректердің қанша екенін толық анықтаймыз. Қазір ол полицияда түсінік беруде. ҚК 140-бабының 2-тармағы бойынша заң шығарушы орган қылмыс жасаған азаматқа үш жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімін беруді көздеп отыр. Бұрын-соңды осы азаматшаға арыз түспеген. Бұл қазіргі мәлімет. Тергеуде басқа да мән-жай анықталады.
Білім министрлігі аталған оқиғаға қатысты ләм-мим деген жоқ. Дауға іліккен жекеменшік балабақшаға қандай шара қолданылатыны да әзірге белгісіз. Алайда ата-аналар кінәлілер тиісті жазасын алмайынша, соңына дейін күресуге бекінген. Өйткені олар осындай сұмдық жайттар өзге де балабақшаларда қайталанбауын қалайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!