COVID-19: 225 науқастың жағдайы ауыр, 71 – өлім аузында жатыр
Елімізде соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 342 адам анықталды. «Көрсеткіш азайғанымен, жағдай мәз емес» - дейді мамандар. Өйткені қазір 225 адамның жағдайы ауыр екен. Оның ішінде 71 науқас өлім аузында жатыр.
Автор: Айман Нұрмағанбет
27.12.2021
53-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер сақтық шарасын бір сәтке де ұмытуға болмайды дейді.
Маңғыстау облысында өткен тәулікте коронавирус инфекциясы тіркелмеді. Өңір «жасыл» аймақтар қатарында тұр. Бірақ мұнайлы өлке екпе алудан әлі соңғы орында. Бүгінгі таңда екпенің 369 821 дозасы ғана егілді. Денсаулық басқармасындағылардың айтуынша, 719 мыңнан аса тұрғыны бар өңір үшін бұл өте аз көрсеткіш. Ал 7285 адам ревакциналаудан өткен. Оның басым көпшілігі медицина саласының қызметкерлері екен.
Асқар Сағымбаев, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- 21 емханада ревакциналауды жалғастырып жатыр. Қазір 7285 адам ревакцинациядан өтті. Облысымызда 56 жүрмелі бригадалар жұмыс атқаруда. Олар үйден, әуежай, теміржол вокзалдары, ірі сауда орталықтарында вакцина салып жатыр. Барлығының егілген саны - 7584 адам.
Ақтөбе облысында да қауіпті індет жұқтырғандар соңғы тәулікте мүлдем тіркелмеген. Қазір ауруханада да коронавируспен жатқандар азайды дейді дәрігерлер. Бүгінде 36 адам ковидке қарсы стационарда ем алып жатыр екен. Араларында балалар жоқ. Бұған дейін вирус жұқтырып жансақтау бөлімінде жатқан жеті адамның да жағдайы жақсарған. Бірақ санитар мамандар сақтық шараларын ұмытып, арқаны кеңге салуға болмайды деп отыр.
Мұхтар Сербаев, Ақтөбе облысы санитаия-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Ақтөбе облысы бойынша санитария-эпидемилогиялық ахуал бірқалыпты. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясы Ақтөбе облысында тіркелген жоқ. Дей тұрғанымен, біз қазіргі жағдайда құбылмалы деп есептеп отырмыз. Өйткені соңғы апталарда мына репродуктивті санның өсуі байқалып отыр.
Екпе салдырудан қалып бара жатқандардың қатарында Павлодар облысы да бар. Керекуде вакцинаның екі компонентін 350 мың адам ғана алған екен. Жауаптылар негізі 500 мыңнан аса тұрғын екпе салдыруы керек еді деп отыр. Дәрігерлер екпе алмағандар жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде ауру жұқтырып алуы мүмкін деп қорқады.
Гүлнар Бұратаева, Павлодар облыы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Алда жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Тұрғындар көпшілік жиналатын орындарда барынша карантин шараларын сақтауы керек. Болмаса ауырып қалуы мүмкін. Мерекені отбасылық шағын ортада атап өтсе де болады деп ойлаймын. Соңғы тәуліктің өзінде 44 адамнан коронавирус анықталды.
Бүгінде Павлодар облысындағы ауруханаларда Ковид-19 диагнозымен 20-дан астам адам жансақтау бөлімінде жатыр. Жыл басынан бері өңірде коронавирус екі босанған әйел мен туғанына 20 күн болған нәрестенің өмірін жалмады.
Жалпы ел бойынша соңғы тәулікте 342 адам коронавирус жұқтырған. Бес адам қайтыс болды. «Қызыл» аймақ тізімінде ешбір өңір жоқ. Нұр-Сұлтан қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы «сары» аймақта болса, қалғаны «жасыл» деңгейде тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары