{metadescription}
0:000:00
Саяжай тұрғындары қалаға қатынай алмай отыр – Алматы облысы

Саяжай тұрғындары қалаға қатынай алмай отыр – Алматы облысы

Алматы облысында қоғамдық көлікке жарымаған тұрғындар шу көтерді. Қарасай ауданына қарасты 30-ға жуық саяжайда тұратын жұртқа қалаға қатынау мұңға айналған. Тек екі бағытта жүретін қоғамдық көлік бар.

Бірақ автобус саны аз және кішкентай деп шағымданған тұрғындар аялдамада сағаттап тұрамыз дейді.

Әсіресе таңғы және кешкі қарбаласта қиналатын қараша аудан әкімдігінен күдерін үзіпті. Енді жолға жаңа автобус шығаруды және оның санын көбейтуді талап еткен тұрғындар облыс әкімі Қанат Бозымбаевтан көмек сұрайды.

Қоғамдық көлікке қолы жетпей қиналған қараша 15 жылдан бері көрген күніміз осы деп күйінеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл маңда Қарасай ауданына қарасты 30-ға жуық саяжай бар. Халықтың дені Алматыға қатынап жұмыс істейді. Бірақ таңғы және кешкі қарбаласта автобусқа сыймай, қаңғырып қаламыз дейді наразы жұрт. Өйткені екі бағытта жүретін қоғамдық көліктің саны санаулы. Аялдама сағаттап тұратын тұрғындар автобус тар әрі ескі-құсқы деп шағымданады.  

Айгүл Замединова:

- Біздің ауылға жүретін №7 автобусқа мінетін болсаңыз, тіпті мал тиеуге ұят. Жаздың күні сасық иіс, антисанитария. Пандемия деп жер көкке жар салып жатырмыз. Оның ішіне бір күн мінсеңіз, сол күні ауырасыз.

Дәулет Мұсаев:

- №8 автобус Шамалған станциясына дейін барады. №7 Батаннан әрі қарай кетеді. Үлкен мәселе бәрі. Үйге келіп, ертеңгі жұмысқа тыңайып шығудың орнына жолда шаршап келіп, сілейіп құлаймыз. Не масқара! Өркениетті елдер Марсқа ұмтылып жатыр, біз жол қатынасын реттей алмаймыз.

Тұрғындар қала іргесі мен саяжай аралығын жалғайтын қоғамдық көліктер көңілі түспесе, кей кездері жүрмей қоятынын айтады. Тіпті жолаушыларды алалап, «Рахат-1» және «Береке» саяжайына соқпайды екен. Жүргізушілер «жолдарың нашар» деп сылтаурататын көрінеді.

Ақкенже Тастенова:

- Ана жерге келеді де, «саяжайға адам бар ма?» деп сұрайды. «Неге сұрайсыңдар, маршрутыңда жазылып тұр ғой» деймін. Бәрібір сұрайды. Бар болса келеді, жоқ болса бұрылып кетеді. Ал ана жақты күтіп тұрған адам тұра береді.

Жол қатынасы қажытқан тұрғындар талай рет аудан әкімдігінің  табалдырығын тоздырдық дейді. Амалы таусылғандар облыстағы  шенеуніктерге де сан мәрте арызданыпты. Алайда халықтың жанайқайын еститін жан табылмапты. Барар жер, басар тауы қалмаған жұрт мәселемізді жүре тыңдайтын әкімдікті жауып тастау керек деп отыр.

Сәуле Бисебаева:

- Қарасай ауданы әкімдігін жауып тастау керек. Ондай әкім не керек?! Өмірі істелмейді. Мен 2006 жылдан бері әкімшілікпен алысып келе жатырмын. Барлығы, міне, қаншама барып жатырмыз. Ауыл алқасын сайлап алдық. Олар қағаз жүзінде жауап береді. Ештеңе істелмейді.

Ал әкімдіктегілер Қаскелең автобус паркі басшылығымен түрлі кездесу өткізгенін айтады. Бірақ субсидияға алақан жайған тасымалдаушы компания өкілдері қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып отыр дегеннен әріге аспапты.

Кәмшат Қасымбекова, Ұмтыл ауыл округі әкімінің орынбасары:

Бұл бағыт «Алтын ордаға» дейін барады. Сосын әрі қарай бізден басқа ауыл округтерін қамтып өтеді. Адам саны сыймайды. Соған байланысты үлкен автобус сұрап жатыр. Оған субсидия бөлінген жағдайда ғана үлкен автобус алып береміз деп айтқан.

Алайда жергілікті билік өкілдері қажет көлемдегі субсидияның қашан бөлінетінін білмей дағдарды. Демек 15 жылға ұласқан мәселенің әлі қанша уақытта созылатыны белгісіз. Ал таяқ тастам жердегі қалаға жете алмай қиналған тұрғындар облыстың жаңа әкімі Қанат Бозымбаевтан көмек сұрайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Дс

Сс

Ср

Бс

Жм

Сб

Жс

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде