Ақмола облысында аурухана тоналып жатыр
Ақмола облысында аурухана тоналып жатыр. Бұрынғы кеншілер шаһары болған Красногор кентіндегі жергілікті амбулаторияның жылу құбыры мен жеделсатысына дейін тас-талқан қылған. Темір-терсегін сырттан келген біреу емес, жедел жәрдем көлігіне артып әкетіп жатыр екен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
28.12.2021
Ғимараттың күзетшісі Елена Жаворонкова шыр-шыр етіп ұялы телефонына түсіріп жүр. Есіл қаласынан екі бірдей жедел жәрдем көлігімен бір топ адам келіп, ғимараттың батареяларынан бастап қазандық құбырларын кесе бастаған. Тіпті күзетшіге ләм-мим деп ескертпеген. Бәрінен бұрын жұмыс істейтін жеделсатының қосалқы бөлшектерін үшінші қабаттың терезесінен лақтырып, қалғанын шахтасына құлатып бұзып алды. Олар бұның бәрін темір-терсекке қабылдайтындарға өткізеді, - дейді оқиға куәгері.
Сөйтсек бұл амбулатория 2015-жылдан бері жұмысын тоқтатқан. Алты жылдан бері Есіл ауданы ауруханасының балансында екен. Күзетші қойған да сол медицина мекемесі. Ғимараттың осы уақытқа дейін «тағдырын»шешуге ешкім асықпапты. Алайда мемлекет мүлігі тал түсте тоналып жатыр деп тұрғындар дабыл қаққан соң, медицина саласының басшылары жанталасып құжат жинай бастаған. Бірақ жеке нысанның темір-терсегін неге жедел жәрдеммен тасып жүр, оны ешкім түсіндіре алмады.
Елдос Жаркенов, Есіл ауданы ауруханасының бас дәрігері:
- Красногор ауруханасына байланысты айтарым, ол медициналық мекеме ретінде жұмыс істеп тұрған жоқ. Қазір баланстан шығару үшін заңды құжаттар әзірленіп жатыр. Аталған ғимаратта жасалып жатқан жұмыс біздің бақылауымызда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!