Министр: АЭС ауадай қажет, әйтпесе қараңғыда қалуымыз мүмкін
«Атом электрстанциясы ауадай қажет, әйтпесе қараңғыда қалуымыз әбден мүмкін». Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай дейді. Шенеуніктің айтуынша бұл мәселеге қатысты халықтың алаңдауына еш негіз жоқ.
Автор: Елдос Есенбол
28.12.2021
Атом электр станциясының салынуы елдің қорқынышын тудырмауы қажет. Оның үстіне қолданыстағы көмір станциялары тозды деген министр бұл жалғыз балама нұсқа деп отыр.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Электр энергиясының баламасы көп емес қой. Күн, жел электр энергиясын салу. Тұрақты түрде бұл энергия өндірмейді. Екінші вариант, газ электр станциясын салу. Алайда біздің мемлекетімізде газдың үлкен қоры жоқ. Үшінші - көмір. Дегенмен бүкіл әлемде қазір көмір станцияларын салудан бас тартып отыр.
Десе де атом электр станциясының құрылысы қашан басталатынын Мырзағалиев дөп басып айта алмайды. Тек, станция салынуы мүмкін деген аймақтар ғана белгіленіп қойыпты. Оның бірі - Шығыс Қазақстан облысына қарасты Курчатов қаласы. Ал екіншісі, Алматы облысындағы Үлкен ауылы. Ақырында Жетісу өңіріндегі осы ауылдың таңдалып алынуы ықтимал. Стратегиялық нысанның құрылысы шамамен 10 жылға дейін созылады. Тарихи жобаны жүзеге асыруда АҚШ, Ресей, Франция, Жапония, Қытай, Корея сынды мемлекеттерінің бірі Қазақстанның серіктесі болуы мүмкін. Әсіресе ресейлік «РосАтом» компанияның құлшыныс танытып отырғанын ескерсек, солтүстіктегі көршілермен әріптестік орнатуымыз мүмкін. Қазірдің өзінде еліміздегі энерготапшылық мәселесін шешу үшін шенеуніктер Ресейге иек артып отыр.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Біз қазір ресейлік серіктестермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Елдегі энерготапшылығын ескерсек, электр энергиясын сатып алу қажет. Көлемі шамамен 500-1000 мегаватт болады. Ал құны әзірге белгісіз. Ол жеке компаниялардың бағасына байланысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!