Шымкентте қыруар ақшаға алданғандар шу шығарды
Шымкентте оңай жолмен миллиондарға қарық боламыз деген бір топ адам алаяқтарға алдандық деп шу шығарды. Өзін «жұмыспен қамту орталығының қызметкерімін» деп танысқан әйелге қайтарымсыз ақша алу үшін ақы берген.
Автор: Бек Әбиев
28.12.2021
Мысалы, «90 мың берсең, мемлекет есебінен қайтарымсыз жарты миллион теңге, ал 12 миллион берсең, 70 миллион теңге шығарып берем» дегенге сеніпті. «Сан соғып қалдық» дегендердің ресми саны 24 болғанымен, ұзын-саны 300 адамбыз дейді. Алданғанын кеш ұққандар полицияға арызданғанымен, тергеушілер бірден қабылдамай дөрекілік танытқан. «Алаяқтар мен тәртіп сақшыларының ым-жымы бір» деп күдіктенгендер бүгін полиция алдында шу шығарды.
«Біз алдандық» деп шулаған бір топ әйел Қаратау ауданы полиция басқармасының алдына жиналды. Айтуларынша, Айнұр Әлімқұлова деген жұмыспен қамту орталығының қызметкері қайтарымсыз ақша шығарып берем деп уәдені үйіп-төккен. Яғни кәсіп ашу үшін мемлекеттен берілетін бір реттік қайтарымсыз қаржы шығарамын, ол үшін алдын ала бір бөлігін бересің деген шартына қалтықсыз сеніпті.
Аида Айнұрова, жәбірленуші:
- Айнұр деген, ол жұмыспен қамту орталығында істейді. Бізге 555 мың берсең, 5 миллион шығарып беремін деді. Сөйтіп мен сеніп бердім. 90 күннің ішінде шығарып беремін деп, біз сеніп қалдық. Мен алданып отырмын. Өздері бизнес жоспар жазып береміз деді. Ең аз бергені 90 мыңнан бергенбіз. Ең көп бергеніміз, 12 миллион берген. 300 адам. 90 мың берсеңіз, 583 мың берем деді. Ал 12 миллионға 70 миллион шығарып беремін деді.
Алаяққа алданып 40 миллион жинап бергендер саны 24 болса, бейресми 300-ге жуық адамбыз дейді. Көбісі жалған сертификат көрсеткенге мәз болған. Несие мен қарыз алып, бірі дүние мүлкін сатып жер сипап қалғандар полицейлерге де өкпелі. Себебі, шағымданып барған кейбірінің арызын бірнеше күн бойы қабылдамай, кейбіріне дөрекі сөйлепті. Сондықтан тергеушілер мен алаяқтардың ым-жымы бір деп күдіктенеді.
Гүлизат Сейдазова, заңгер:
- Ең алды 20 күн болған, арыз тастағанына. Бірақ бүгінге дейін әлі ешқандай беттестіру болмаған, шақыру болмаған. Ешқандай түсініктеме алмаған бұл кісілерден. Сұлтан деген тергеушіге бұл кісілердің өздері хабарласқан уақытта бұл істің мүмкін жаңа жылдан кейін бастайтынын айтқан. Заң бойынша арыздың негізгі қаралу уақыты үш күн.
Жиналғандар тергеуші шықсын деп тұрып алған соң тергеуші мен бөлім бастығы шықты. Алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғап қойдық деген тәртіп сақшылары тергеуді жүргізуге «енді күш саламыз» деп ақталып отыр.
Серік Асанқұлов, Қаратау ауданы ПБ тергеу бөлімінің бастығы:
- Қазір кімнен алынбаған, біз алуға дайынбыз. Толық көлемде. Ал алынғандарынан толық көлемде істейміз. Бізде бәрі тұр, міне, менің қолымда. Ауыр баппен қозғалған. Күдікті танылмаған, тағы айтамын. Қазір екі адамға қатысты арыз жазып отыр. Бізге белгілі болғаны, олар тергеу кезінде көбеюі мүмкін.
Жәбірленушілер жүгінген заңгерлер мол қаржы шығарып береміз деп ақша алған әйелге барған екен. Бірақ қыруар қаржы алған Айнұр Әлімқұлова миллиондарды жұмыспен қамту орталығының есепшісі Наргиза Тасболатова мен «Даму» орталығының Алматыдағы басшысы Светлана Назарюк дегендерге бергенін айтыпты. Бірақ жұмыспен қамтудағылар жәбірленушілер айтқан қызметкерлерді «танымаймыз» деп отыр.
Шағдат Әсет, Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:
- Әлімұүлова Айнұр деген азаматша жұмыс істемейді және істемеген де. Ондай азамат бізде болмаған. Біздің есеп бухгалтерия бөлімінде Нарғиза деген жұмыс істемеген. Қазір де жұмыс істемейді.
«Дамудың» Алматыдағы басшысы Светлана Назарюк те ешкімнен ақша алмағанын және аты аталғандарды білмейтінін жеткізді. Біра қызығы сол, «жұмыспен қамтуда істеймін» деп миллиондар жинап алған Айнұр Әлімқұлова осыған дейін жәбірленушілердің кейбіріне ауызбастырыққа қайтарымсыз ақша шығарып берген екен. Сондықтан жұмыспен қамтуға қатысы болмаса да, осыған дейін қалайша мемлекет есебінен ақша шығарғанын құзырлы орындар анықтауы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!