Инфляция 8,7 пайызға жетті, бәрі қымбаттап жатыр. Сарапшылар болжамы
Қазақстанда инфляция 8,7 пайызға жетті. Тиісінше азық-түлік бағасы одан сайын қымбаттап жатыр. Ұлттық банктің мәліметінше, халық тұтынатын өнімдердің құны 11 пайызға артқан. Азық-түлік қана емес, тауарлар мен ақылы қызмет құны да аспандап тұр. Доллардың құны күнде құбылмалы. Теңгеге шаққанда АҚШ ақшасы нығая түсті.
Автор: Елдос Есенбол
30.12.2021
Экономистер әлемде тағы қаржы дағдарысы болады деп күдіктенеді. Доллар құны жаңа жылдан бастап қандай болмақ? Сарапшылардың болжамы қандай?
Қазір жұрт шетелде демалу үшін жолдаманы несиеге рәсімдеп немесе бірнеше айға бөліп төлеуге алатын болған. Қарызға алу оңай көрінгенімен, демалып келгеннен кейін оны өтеу қиынның-қиыны. Шартарапты аралауға табысы орта жандардың талпынысы басым.
Дмитрий Долинко, туристік фирманың атқарушы директоры:
- Жолдама орташа есеппен 10-15 пайызға қымбаттады. Жаңа елдер есігін аша бастады. Туристер көбейіп келеді. Қонақ үйлер бағаны қымбатnfnsg жатыр. Олар доллар немесе еуромен есептейді. Жалақысын теңгемен алатын қазақстандықтарға шетелде демалу бұрынғыдай қолжетімді емес.
Доллар мен еуроға байланған қызмет көрсету саласындағы бағаның өскені белгілі. Доллар күштірек болған сайын теңге әлсірей түседі. Ұлттық банк бар күшін салып төл ақшаны құлдыратпаудың небір шараларына көшті. Биыл еліміздің басты қаржы нарығын реттеуші орган валюта нарығында интервенция жасап теңге бағамын ұстап қалу үшін емес, инфляцияны тоқтатуға 103 миллиард теңге жұмсаған.
2021 жыл Қазақстан экономикасында айтарлықтай ауыр, көп жылдар бойы есте қаларлықтай жыл болды. Қазіргідей инфляция бұрын-соңды болған жоқ. Мәселен, азық-түлік құнының 7,7 пайызға артқаны соңғы рет 2011 жылы, яғни 10 жыл бұрын тіркеліпті. Ал биыл күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасы шамамен 11 пайызға өсті. Жағдайды бақылауға алу үшін Асқар Мәмин бастаған Министрлер кабинеті әр сенбі сайын жиналыстан шықпады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру олардың әлі де күн тәртібінде. Қаржы саласын жіті бақылап жүргендер елімізде тауар бағасы алдағы жылы да қымбаттайды дейді.
Андрей Чеботарев, экономист:
- Былтыр көп ақша басыпшығарылды. Барлық ел коронавирустан аман-есен шығу үшін өздерінің кәсіпорындарына ақша таратып берді. АҚШ өткен жылы басып шығарылған доллардың 35 пайызын айналымға жіберді. Бұл дегеніңіз өте үлкен ақша. Ал ақша көп болған сайын баға өседі. Американың белді экономистері қазіргі инфляция өтпелі, уақытша екенін айтады. Егер инфляция жоспардағыдай болмай қалса, онда бүкіл әлем тығырыққа тіреледі. Бұл екі-үш жылға созылатын әлемдік дағдарысқа әкеледі.
Бұрын отандық сарапшылар төл теңгенің тағдырын доллар, рубль және мұнаймен өлшейтін. Қазір коронавирустың әсері біршама. 2022 жылға экономистердің болжамы да әртүрлі.
Бекнұр Қисықов, экономист:
- Негізі курс өссе де, 480-490 теңгеге өсуі мүмкін. Жеке пікірім. Бірақ ол 500 немесе 500-ден асса, оны «негатив сценарий» деп айтуға болады. 500-ге жетпесе - позитивті. Негізі, ол мына мұнайдың бағасына көрінеді. Мемлекеттік бағдарламаларға қарайды.
Бүгін ұлттық валюта қайта өзгерді. Қазір айырбастау пункттерінде бір доллар 437 жарым теңгеден сатылып жатыр. Бір жыл ішінде біздің ақшамыз 14 рет құнсызданды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!