«Елбасы жылуы» қайырым шарасының үшінші кезеңі басталды
Елімізде «Елбасы жылуы» қайырымдылық шарасының үшінші кезеңі басталды. Жаңа жыл қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен «Дегдар» қоры бірігіп көмекке мұқтаж көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына қажет тауарлар үлестіруде.
Автор: Салтанат Шырынхан
30.12.2021
120 келі азық түлікке толы қораптар бұл жолы Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары мен Түркістан, Алматы облыстарына жөнелтілді.
50 тоннаға жуық азық-түлік тиелген жүк көліктері тағы да жоспардағы аймақтарға жол тартты. Бұл жолы да тұрмысы төмен көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі кішкентайлары бар отбасылар осы игі шараның игілігін көреді. Қабымен ұн, күріш, қарақұмық, шай, қант, күнбағыс майы мен тәттілер салынған жаңажылдық сыйлықтар бар.
Гүлжан Ыстанова:
- 100-130 келіден береміз деді. Елбасы жылуына көп-көп рақмет! Алла разы болсын. Көп-көп жұмысына табыс тілеймін. Жаңа жылға жаңа табысқа жетіңіздер. Көп-көп рақмет, осылай халыққа көмектесіп беріп жатқандарыңызға.
Бүгін Алматы облысында да аз қамтылған және ерекше күтімдегі балалары бар отбасыларға ішіп-жеуге қажеттінің барлығы таратылды. Шамасы келгендер көлікпен алып кетіп жатса, ондай мүмкіндігі жоқтарға еріктілер жеткізіп береді.
Рита Тұрманетова, Қарасай ауданы мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығының меңгерушісі:
- Биыл 40 отбасына азық-түлік қоржыны мен 15 балаға жаңажылдық сыйлық беріліп отыр. Біздің ауданымыз атынан және барлық ата-аналар атынан «Лидер кз» еріктілер қызмет қоғамымен «Дегдар» қайырым қорына алғысымыз шексіз.
"Елбасының жылуы" жалпы шалғайдағы елдімекендердегі тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды қолдауға арналған жоба. Кезекті көмектің алғашқысы 27-желтоқсан күні Елордадаға жөнелтілген. Бүгін Алматы мен Алматы облысындағы отбасыларға таратылып, Түркістан облысына жіберілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!